KZ
Өскемен
-11°
ясно Штиль
504.76 593.8 6.5

Қараайрық көпірінің мәселесі шешімін таппақ

23.06.2025, 11:00 1 346 Арайлым Орсаринова

 

Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мәліметінше, Ақ Берел өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, Мұзтау мен Көккөл бағытына сапар шегушілерге қолайсыздық туғызуда. Оның үстіне, шамамен 50 жыл бұрын салынған Қараайрық көпірінің де техникалық жағдайы жөндеуді күтуде. 1978 жылы пайдалануға берілген өткел бүгінде әбден тозған. Көпірдің апатты күйі мен өзен ағынының маусымдық қарқыны өңірге келетін туристердің қозғалысына, жергілікті кәсіпкерлердің жұмысына әсер етуде. Ал ең бастысы, көпір жағдайы қауіпсіздік талаптарына сай келмей отыр. Осыған байланысты Катонқарағай ауданы әкімдігі мен тиісті сала өкілдерінен ақпарат алып, жағдайды зерделеп көрдік, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Қараайрық көпірін салу кезіндегі сурет, 1975-1978 ж.

Ұлттық парк қызметкерлері, туроператорлар мен жергілікті тұрғындар бірігіп, Ақ Берел өзені арқылы өтетін ағаш көпірлерді үнемі жөндеп тұрады. Жақында осындай табиғат жанашырларының көмегімен бірнеше өткел қалпына келтірілген. Дегенмен шешілмеген мәселе де бар. Республикалық маңызы бар Рахман қайнарына баратын күре жолдан солға бұрылған тұста Қараайрық көпірі орналасқан. Бұл өткел Қаракөл (Язевое) көліне апарады. Жыл сайын көпір үстіндегі тақтайлар ауыстырылғанымен, негізгі тіреулері мүлдем тозған. Сол себепті аталған жөндеу жұмыстары ұзақмерзімді шешім болмай тұр.

Айта кетсек, кезінде Қараайрық ауылындағы Берел орманшылығының аумағында Қараайрық (Язевка) пен Қаракөл (Язевое) ағаш дайындау учаскелері жұмыс істеген. Ол кезде өңірдегі кеңшарлар мен ұжымшарлардың ауыр жүк көліктері дайындалған ағаштарды тасып әкеткен. Жаңбыр жауса, тау арасындағы жол лай-батпаққа айналып, жүк тасымалы одан әрі қиындай түскендіктен, Ақ Берел өзенінің үстінен көпір салу қажеттілігі туындаған. Осылайша, 1975 жылы Берел орман шаруашылығын басқарған Әбу Орсариновтың жетекшілігімен Қараайрық көпірінің құрылысы басталды. Көпір салу жұмысына Александр Василенко есімді маман жауапты болған. Өткел 1978 жылдың мамыр айында қолданысқа беріліп, сол кезден бастап ауыр жүк көліктерінің 20-30 тоннаға дейінгі жүктемемен еркін өтуін қамтамасыз етіп тұрған. Содан бері көп уақыт өтсе де, бұл өткел жергілікті тұрғындар үшін әлі де маңызды. Алайда қазір көне көпір күрделі жөндеуді қажет етіп отыр.

 

– Осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын салынған Қараайрық көпірінің тозу деңгейі бүгінде 90%-ға жетіп, адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіруде. Сонымен қатар, Ақ Берел өзенінің ағысы қатты, ондағы су деңгейі тек жаздың соңына қарай төмендейді, – деп мәлімдеді аудан әкімдігінің өкілдері.

Өзендегі су деңгейінің көтерілгеніне байланысты көлік өте алмайтын, мәңгі мұз құрсап жатқан Мұзтау бағытына апаратын «Ақ Берел» туристік маршруты уақытша жабылды. Жалпы бұл жолмен жүру күрделі және қауіпті болғанымен, ұлттық парк аумағындағы 14 туристік бағыттың ішіндегі ең сұранысқа ие төрт негізгі маршруттың бірі саналады. Қауіпті жағдайға байланысты ұлттық парк қызметкерлері туристерге балама бағыттарды таңдауды ұсынады.

– Өзендегі су деңгейі төмендеп, өту қауіпсіз болғанда, бұл туралы хабарлаймыз. Ұлттық парк инспекторлары аумақты тұрақты бақылауда ұстайды, – деді Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Жанболат Тыныбеков.

Қаракөл көлінен басталатын «Ақ Берел» маршруты әйгілі Мұзтау (4509 м) баурайына, Қатын өзенінің жоғарғы ағысына, Көккөл сарқырамасы (80 м) мен Көккөл кенішіне апаратын көрікті жерлерді қамтиды. Бұл бағыт отандық қана емес, шетелдік туристер арасында да сұранысқа ие. «Ақ Берел» маршруты – жаяу және атпен серуендеуге арналған. Оның жалпы ұзындығы ары-бері шамамен 150 шақырым. Жол ұзақтығы ауа райына және қозғалыс қарқынына қарай 4-10 күнге созылады. Орта есеппен алғанда, бір сапарға шамамен сегіз күн кетеді. Бағыт бойындағы негізгі табиғи нысандар: Қаракөл көлі, Сәрсенбай қыстауы, Көккөл сарқырамасы, Кіндік тас, шағын Равновесие көлі және Көккөл кенішінің жоғарғы лагері. Бұл көріністі жыл сайын шамамен 2500 турист тамашалайды.

Ал аудан әкімдігі өкілдері Қараайрық көпірінің апатты жағдайы Қаракөл көлі мен маңындағы туризм әлеуетін толық игеруге кедергі болып отырғанына алаңдаулы. Әдетте туристік маусым кезінде бұл көпірден тәулігіне 50-ге жуық автокөлік өтеді. Мысалы, өткен жылы Қаракөлге шамамен 4000 турист барған. Әкімдік тарапынан ескі көпірді күрделі жөндеуден өткізу туралы мәселе көтеріліп, облыс әкімінің Нұрымбет Сақтағановтың атына хат жолданған. 2023 жылы жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жобаның құны – 592 032,6 мың теңге. Бұл сараптама қорытындысы биылғы жылдың соңына дейін жарамды. 

Ауданның ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Гүлнара Жақсылықованың айтуынша, Қараайрық көпірі тек демалушылар үшін ғана емес, мемлекеттік шекараны қорғау қызметі және төтенше жағдайларда адамдар мен техниканы жедел жеткізу үшін де аса қажет өткел.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Нұрбек Тұраров көпірдің қазіргі жағдайынан хабардар екенін айтты. Ол бұл көпір аудан туризмі үшін стратегиялық маңызы бар жолдың бойында орналасқанын да атап өтті. Жоспарға сәйкес, 2023-2026 жылдар аралығында жаңа көпір салу көзделіп, республикалық және облыстық бюджетке өтінім берілген.

– Қазіргі таңда қаржы тапшылығына байланысты бұл мәселе қаралу үстінде. Ақ Берел өзенінің суы қарқынды ағып жатыр. Сондықтан қаражат бөлініп, мердігер компания жұмысқа кіріссе де, судың деңгейі төмендеуін күтуімізге тура келеді, – деді Нұрбек Тұраров.

Оның айтуынша, егер көпір апатты жағдайда деп танылып, жедел шара қабылдау қажет болса, арнайы комиссия шешіміне сәйкес көпір құрылысы төтенше жағдай туралы заң нормалары бойынша жүзеге асырылуы мүмкін. Ондай жағдайда құрылыс жұмыстары жақын арада басталады. Сондай-ақ ерекше қорғалатын аумақтарда жер пайдалану мен құрылыс жүргізудің тәртібі тиісті заңға сәйкес, ұлттық паркпен бірлескен келісімшарттар негізінде орындалмақ.  

 

Фото: Орсариновтардың отбасылық архивінен,

Катонқарағай ауданының әкімдігі, КМҰТП баспасөз қызметі

Видео: автордан

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу