KZ
Өскемен
-19°
туман жел 1 м/с, СШ
510.18 601.91 6.51

Зайсан мен Марқакөлде заңсыз балық аулағандар ұсталды

20.06.2025, 10:00 265 Гульжан Мусина

Зайсан көлі маңында заңсыз балық аулаумен айналысқан бірнеше топтың іс-әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

ШҚО Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен облыстық прокуратура бірігіп, браконьерлікпен күреске бағытталған арнайы операция жүргізген. Нәтижесінде тыйым салынған аймақтарда моторлы қайықтар мен ау құралдарын пайдаланып, заңсыз балық аулап келген үш топ ұсталды.

Бірінші топ Тарбағатай ауданы, Қарақой ауылының маңынан қолға түсті. Олар көксерке, шортан, табан секілді балықтарды заңсыз аулап жүрген. Полицейлер олардан 130 келіге жуық балық, моторлы қайық пен ау құралдарын тәркілеген. Табиғатқа келтірілген зиян көлемі – 700 мың теңгеден асады.

Қалған екі топ Күршім ауданындағы Шеңгелді ауылы маңында анықталды. Бірінші топтан моторлы қайық, түрлі ау құралдары және мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ көлік табылды. Олардан 117 келіден астам балық тәркіленді. Залал сомасы – шамамен 780 мың теңге.

Ал үшінші топтың да қайығы, ау құралдары мен көлігі алынды. Бұл браконьерлер 50 келіден астам балық аулаған. Табиғатқа келтірілген шығын – 322 мың теңге.

Аталған деректер бойынша Қылмыстық кодекске сай сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазір тергеушілер барлық мән-жайды анықтап, кінәлілерді жауапқа тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Полиция заңсыз балық аулаудың – табиғатты бүлдіріп қана қоймай, қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.

Фото: polisia.kz

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу