Бүгін еліміздің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады
23 маусым күні еліміздің бірнеше аймағында күн райы құбылмалы болады. Синоптиктердің болжауынша, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында найзағай, бұршақ пен дауыл күтіледі. Көптеген өңірлерде желдің екпіні 20-25 метрге дейін күшейеді. Кейбір аймақтарда 40 градусқа дейін аптап ыстық болуы мүмкін, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазгидромет мамандарының мәліметінше, мұндай ауа райы тек қолайсыздық емес, қауіп төндіруі де мүмкін.
Астанада күндіз қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсуі мүмкін. Жел бағытын өзгертіп, екпіні 20 метрге дейін жетеді. Сол сияқты Көкшетау мен Петропавлда да найзағай мен бұршақ күтіледі. Ал Қарағанды мен Семейде найзағаймен қоса, күннің аптап ыстығы да қатар байқалады.
Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды абай болуға, далаға шыққанда ауа райына байланысты ескертулерді қаперде ұстауға шақырады. Қауіпсіздік шараларын сақтау – өзіңіз бен жақындарыңыздың амандығы үшін маңызды.