Су қоймалары қараусыз қалмауы керек
Шығыс Қазақстан облысы Қоғамдық кеңесі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комитетінің кезекті отырысында су шаруашылығы нысандарын басқару және пайдалану мәселелері көтерілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұрын өңірдегі су қоймалары мен гидротехникалық құрылыстар «Шығыс су қоймалары» мекемесінің қарауында болған. Бұл мекеме су қоймаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты еді. Алайда Үкіметтің қаулысына сәйкес, бірнеше жыл бұрын мекеме таратылып, оның балансындағы 49 гидротехникалық нысан аудандық әкімдіктердің қарауына берілген.
2024 жылғы көктемде болған ауыр су тасқыны бұл жүйені қайта қарастыру қажеттігін көрсетті. 4 сәуірде болған төтенше жағдайдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық өңірлерде су шаруашылығы нысандарын күтіп-ұстау және пайдалану үшін арнайы кәсіпорындар құруды тапсырған еді. Бұл бастама алғаш рет Шығыс Қазақстан облысы үлгісінде ұсынылды. Облыста аталған мекеме 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Аудан әкімдіктері су қоймаларын балансына алғанымен, оларды ұстауға және жөндеуге қажетті қаржы бөлмеген. Аудан тарапынан: «Бізге тек судың транзитпен өтіп кетуі маңызды, су қоймасының өзі қажет емес» деген көзқарас байқалады. Ал «Шығыс су қоймалары» мекемесі бұл нысандарды өз қарауына қайтаруға дайын екенін, алайда оған қосымша қаржы мен мамандар қажет екенін айтады.
Комитет төрағасы Әнуарбек Мұхтарханов гидротехникалық нысандар – елді мекендердің қауіпсіздігімен қатар, ауыл шаруашылығы үшін де аса маңызды стратегиялық объектілер екенін атап өтті.
