«Қауіп-қатерсіз жаз»: ШҚО-да еліміздегі балалардың жазғы демалысы талқыланды
ШҚО-да жазғы демалыс уақытында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік деңгейде талқыланды. Кеңейтілген көшпелі жиынға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев төрағалық етті. Іс-шараға мемлекеттік органдар, өңірлік әкімдіктер, салалық министрліктер мен қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жиын барысында балалар демалысын ұйымдастыруға қатысты барлық мәселе қамтылды: лагерьлер инфрақұрылымының жағдайынан бастап санитарлық және өртке қарсы талаптардың орындалуына дейін.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы еліміз бойынша 3,2 миллионнан астам бала жазғы демалыспен қамтылады. Бұл мақсатта 10 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерь, 204 қала сыртындағы орталық және 17 жыл бойы жұмыс істейтін сауықтыру нысаны дайындалған.
Балалармен жұмыс істеуге 2500-ден астам студент пен 800 волонтер тартылады. Ел деңгейінде республикалық үйлестіру штабы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық және құқық қорғау органдарымен тұрақты өзара іс-қимыл жүргізілуде.
Алайда қабылданған шараларға қарамастан, қауіпсіздік мәселесі өзектілігін жойған жоқ.
Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев балалар қауіпсіздігіне қатысты ешқандай ымыраға жол берілмейтінін атап өтті. Ол өңір әкімдіктеріне лагерьлер инфрақұрылымын, нысандардың техникалық жай-күйін, өрт қауіпсіздігі жабдықтарын және санитарлық ахуалын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, санитарлық және құқық қорғау органдарының мамандарына қосымша оқыту мен нұсқаулық өткізу міндеттелді.
Жиын барысында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бүкіл халықтың, мемлекеттің ортақ міндеті екені айтылды. Бұл бағытта министрліктер, өңірлер мен санитарлық және төтенше жағдай қызметтерінің үйлесімді жұмысы аса маңызды.
Сондай-ақ төтенше жағдай туындаған жағдайда жедел әрекет ету алгоритмдері, ата-аналармен өзара іс-қимыл тетіктері мен жергілікті деңгейде есептіліктің ашық форматы талқыланды.
Жаз – балалар үшін қуаныш пен әсерге толы кезең. Бұл кезде олар демалып қана қоймай, ортада өмір сүруді үйренеді. Алайда бұл кезеңнің артында мемлекет пен қоғамның үлкен жауапкершілігі тұр. Жазғы демалыс науқаны – бұл бір реттік шара емес, өсіп келе жатқан ұрпақ үшін қауіпсіз әлеуметтік орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың бір бөлігі.
Дамир Омаров
Фото: Махаббат Ахметжанова








