KZ
Өскемен
-12°
пасмурно жел 6 м/с, З
504.6 594.27 6.48

Арманнан қызметке дейін: балалық арманын жүзеге асырған полицей

23.06.2025, 16:15 258 Айна Ескенқызы

Бүгін елімізде Полиция күні аталып өтуде. Полиция қызметкерінің біліктілігі мен мамандығына адалдығы – еліміздің қауіпсіздігінің кепілі. Біздің кейіпкеріміз үшін қызмет – жай ғана жұмыс емес, өмірлік ұстаным. Ол – отбасы мен Отан алдындағы парызын қатар алып жүрген азамат, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қызмет пен отбасы. Адам үшін екеуі де маңызды. Бірақ кейде бірі екіншісінің жолын кесіп өтеді. Ал мамандығына шын берілген жан үшін ең қиын сәттерде де осы екеуінің арасында алтын көпір табылады. Оған подполковник Руслан Хасеновтың өмірінде болған мына бір қызықты оқиға дәлел.

– Бұл мамандықты таңдаған себебім – бала күнгі арманым. 10–11-сыныпта оқып жүргенде жол қозғалысын реттеп тұрған мемлекеттік автоинспекторларға қызыға қарайтынмын. Тіпті мектепте физика мен математиканы сүйіп оқып, техникалық бағытты ерте таңдадым, – дейді кейіпкеріміз.

Сол бала арманның жетегімен Руслан Хасенов Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне түсіп, инженер-механик мамандығын меңгеріп шығады. Басты мақсаты – жол қозғалысын ұйымдастыру саласына бет бұру болатын. Алайда, бұл арманына жету үшін әлі де оқу керек екен. Мемлекеттік автоинспекцияға жұмысқа тұру үшін қосымша заңгерлік білім талап етіле бастаған кез еді.

Сөйтіп, қосымша заңгерлік білім алу үшін Қазақстан–Американдық еркін университетіне оқуға түсіп, кейін 2009 жылдың қаңтарында Ішкі істер министрлігінің Согра кентіндегі алғашқы даярлық училищесіне қызметке орналасады. Осы саладағы еңбек жолы осылай басталды. Алғашқы жылдары көші-қон саласында, заңсыз көші-қонмен күрес бөлімінде қызмет етті.

Сол кездегі бір оқиға өмірінде ұмытылмас сәтке айналды. Еңбек демалысында жүрген. Бір күні бастығы хабарласып, шұғыл Марқакөл ауданына іссапарға бару керек екенін айтады. Онда заңсыз жүрген шетел азаматтарын ұстау тапсырылды.

– Погон тағып жүргеннен кейін бізде бұйрықты талқылау болмайды, ойланып жатпастан жолға шықтым. Ең қызығы – дәл сол күннің ертеңінде некемді қиятын күн болатын. Ойымызша, тапсырманы бір күнде тез бітіріп, мен қайтадан қалаға қайтып келуім керек болған. Білмейтін жердің ой-шұңқыры көп демекші, екі әріптесіммен бірге бейтаныс таулы, батпақты аумақты аралап, жер жағдайын білмегендіктен, бір тәулік бойы тамақ та ішпей жүре бердік. Ол кезде пароммен өтетінбіз. Паром тоқтап қалып, неке қию рәсіміне жете алмай қаламын ба деп қобалжыдым, – деп еске алады сол күнді бүгінде подполковник.

Қалыңдығы Алмагүл де екі көзі төрт болып, қайта-қайта хабарласқан.

– Абырой болғанда, бәріне үлгердік. Тапсырманы да орындадық, неке қию салтанатына да уақытында жеттім. Қалыңдығымның түсіністігі, отбасымның қолдауы – бұл мамандықтың ауырлығын жеңілдететін ең үлкен күш. Сол күннен бастап отбасылық өміріміз басталды. Бүгінде төрт баламыз бар, екеуі мектеп жасында, екеуі балабақшада, – дейді қызмет жолында табанды, ал отбасында мейірімді отағасы.

Өскемен қаласы полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Руслан Хасеновтың осы салада қызмет еткеніне он алты жылдан асты. Еңбек жолын қалалық заңсыз көші-қонмен күрес бөлімінде бастаған Русланның қызметі табандылығы мен мамандығына адалдығының арқасында бөлім бастығы дәрежесіне дейін өсті. Осы қызмет барысында жат елде заңсыз жүрген шетелдік азаматтарды анықтап, оларды еліне қайтару үшін күн-түн демей еңбек етті. Шетел азаматын құлдықтан құтқарған мына бір операция да оның есінде ерекше қалған. Татарстан Республикасының азаматы бірнеше жыл бойы бостандықтан айырылып, біздің елде құлдықта жүріпті. Арнайы операция барысында оны құтқарып, еліне қайтаруға көмектескен. Адам құқығын қорғау ұйымымен бірлесе отырып, киім-кешегін алып беріп, еліне аттандырғаны есінде.

– Кейін ол азамат рақметін айтып хат жолдады. Біз үшін бұдан артық марапат жоқ, – дейді ол.

Бұл – оның қызметінің бір ғана тарауы.

– Біздің жұмыс оңай емес. Күн мен түнге, мереке мен демалысқа қарамаймыз. Мейрам, демалыс кезінде қызметіміз күшейе түседі. Өйткені елдің қауіпсіздігі – біздің қолымызда. Басты мақсатым – антыма адал болу, маған сенім білдірген басшылықтың сенімін ақтау. Полиция қызметкеріне ең алдымен төзімділік пен табандылық қажет. Өйткені бұл мамандық – әр адамның тағдырымен тікелей байланысты. Адам тағдырына жеңіл қарауға болмайды, – дейді подполковник.

Жұмысынан қолы босай қалса, спортпен айналысқанды, отбасымен тауға шыққанды, табиғатта серуендегенді жақсы көреді. Әдеби кітап оқуды да әдетке айналдырған.

– Әріптестерімді төл мерекеміз – Қазақстан полициясы күнімен құттықтаймын! Біздің қызмет қажыр-қайратты талап ететін жұмыс қой. Қызметтестеріме зор денсаулық, өз ісіне адалдық пен жақсылық тілеймін, – деді сөз соңында полиция подполковнигі Руслан Хасенов.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу