Өскемендік параспортшы жүлде ақысын сот арқылы өндіріп алды
Шығыс Қазақстанда ерекше ерік-жігер мен әділет жолындағы табандылықты көрсеткен оқиға орын алды. Өскемендік пара-армрестлинг шебері, әлем чемпионаттарында жүлдегер атанған спортшы өзіне тиесілі сыйақыны тек сот арқылы алуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының мәліметінше, Өскемен қаласының тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі спортшы 2022 жылы Түркияның Анталья қаласында өткен әлем чемпионатында екінші орын иеленген, ал 2023 жылы Алматыда өткен додада үшінші орын алған. Ол ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты спорт клубының атынан халықаралық жарыстарда ел намысын қорғаған.
Алайда бұл жетістіктеріне қарамастан Мәдениет және спорт министрлігі оған сыйақы төлеуден бас тартқан. Себеп ретінде құжаттарды уақытында тапсырмау және жарысқа қатысқан елдердің саны 20-дан аз болуы, яғни жаңа нормативтік акті талаптарына сай келмейтіні көрсетілген. Дегенмен спортшы бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінді.
ШҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты істің мән-жайын зерделеп, талапкердің пайдасына шешім шығарды. Сот отырысында 2022 жылы Түркияда өткен чемпионат кезінде «20 ел қатысуы керек» деген талап ешбір нормативтік құжатта бекітілмегені анықталды. Яғни мұндай талапты кейіннен кері күшпен қолдану заңсыз деп танылды.
Сонымен қатар қолданыстағы заңнамада паралимпиадалық емес спорт түрлеріне сыйақы төлеуге тікелей тыйым салынбаған. Демек, пара-армрестлинг те мемлекеттік қолдау аясынан тыс қалмауы тиіс.
Сот шешімінде министрліктің бұл әрекеті бірнеше құқықтық және этикалық нормаларды – Конституция қағидаттарынан бастап, БҰҰ-ның мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенциясына дейін, сондай-ақ әкімшілік құқықтағы кемсітушілікке жол бермеу және формализмді асыра қолдануға тыйым салу қағидаттарын бұзатыны атап көрсетілді.
Спортшының пайдасына айтылған тағы бір дәлел – жарыстарға қатысу тікелей мемлекет қолдауымен жүзеге асқан. Командировкалық шығындар бюджеттен төленіп, ол Қазақстан атынан ресми түрде шыққан. Министрлік құрылымына кіретін мекеме – ШҚО спорт басқармасы спортшыны жарысқа ресми түрде жіберіп, шығындарды өз мойнына алған. Алайда жеңіспен елге оралған соң оған сыйақы қарастырылмағаны мәлімделген.
Сот мұны азаматтардың заңды үміттерін қорғау қағидатына қайшы деп таныды. Мемлекеттік органдар өз саясатын негізсіз өзгертіп, азаматтарды заңды құқықтарынан айыра алмайды.
Осыған орай сот министрліктің әрекетін заңсыз деп танып, 2022 жылы Түркияда және 2023 жылы Алматыда өткен әлем чемпионаттарындағы жүлделі орындар үшін сыйақы төлеуден бас тарту жөніндегі шешімін толығымен жоққа шығарды. Министрлікке заңда белгіленген мерзімде сыйақы төлеу туралы әкімшілік шешім қабылдау міндеттелді.
Дамир Омаров