Ұлттық чемпионат: Өскеменде велошабандоздар өзара мықтыны анықтауда
Шығыс Қазақстан облысында велоспорттан Қазақстан Республикасының Ұлттық чемпионаты өтіп жатыр. Бұған дейін велошабандоздар топтық эстафета, жұптық жарыс және критериум бойынша сынға түскен болса, бүгін жастар арасында жекелей жарыстар өтуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жекелей сын барысында қыздар 20 шақырым, ұлдар 25 шақырым қашықтықта бақ сынауда. Ал әйелдер 30, ерлер 40 шақырымда мәре сызығын бірінші кесуге тырысады.
Ұлттық деңгейдегі жарыста қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жергілікті полиция қызметі мен «Ұлттық ұлан» сарбаздары жұмылдырылған. Қатысушылардың амандығына жауапты мамандарға ұйымдастырушылар алғыс білдіруде.
Сондай-ақ, мамандардың айтуынша, Шығыс Қазақстанның табиғаты мен жер бедері велоспорт үшін таптырмас мүмкіндік.
Айта кетейік, чемпионатқа Жетісу өңірінен келген халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жасөспірімдер олимпиадасының жеңімпазы, әлем чемпионы Евгений Федоров қатысуда. Сондай-ақ, жарысқа жиырмадан астам Азия чемпиондары да қатысып жатыр. Барлық спортшылар Ольга Рыпакова атындағы стадионда демалуда.
Жарыс өтіп жатқан Өскемен қаласындағы Сәтбаев даңғылы – шаһардың басты көлік артерияларының бірі. Осы көшенің бір бөлігі уақытша жабылып, көлік қозғалысы шектелді. Кейбір жүргізушілер бұған түсініспен қарамағанымен, ұлттық деңгейдегі чемпионаттың өтуі – қала үшін үлкен мәртебе.
Фото/видео: Жалғас Сақадиев






