ШҚО-да «Қонақжай отбасы» жобасының кезекті кезеңі табысты аяқталды
Шығыс Қазақстан облысында жазғы демалыс кезеңінде балалардың тіл үйренуіне арналған тың бастама – «Қонақжай отбасы» жобасының кезекті кезеңі сәтті жүзеге асты. 15-30 маусым аралығында өткен бұл жоба ШҚО білім басқармасының ұйымдастыруымен қолға алынған болатын, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жоба аясында облыстың бірнеше аудандарынан 140 оқушы 49 қонақжай отбасыға орналастырылды. Балалар екі апта бойы қазақ және орыс тілдерін табиғи ортада, күнделікті тұрмыстық жағдайда қолданып, қарым-қатынас жасаудың тәжірибелік мүмкіндігіне ие болды. Бұл – тілдік кедергілерді жоюға бағытталған тиімді әрі заманауи әдіс.
Жобаға Өскемен қаласынан 30, Риддер қаласынан 25, Алтай, Глубокое және Шемонаиха аудандарынан 25-тен, Зайсан мен Тарбағатай аудандарынан 5 оқушыдан қатысты. Осындай кең географиялық қамтылу – жобаның бүкіл өңір оқушыларына қолжетімді болғанын көрсетеді.
«Қонақжай отбасы» жобасы этномәдени, өлкетану және экологиялық бағыттарды қамтыды. Оның шеңберінде балаларға арналған мұражайға саяхаттар, табиғат аясындағы туристік жорықтар, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын мәдени іс-шаралар өткізілді. Жоба тек тіл меңгеруге емес, сонымен қатар балалардың туған өлкесін тануға, ұлттық болмысқа жақындасуына, әлеуметтенуіне және тұлғалық дамуына үлкен септігін тигізді.
Жобаның басты мақсаты оқушылардың тілдік ортаға бейімделуін қамтамасыз ету, сөйлеу дағдыларын дамыту, қазақ және орыс тілдерін меңгеру деңгейін арттыру, сондай-ақ достық қарым-қатынас орнатып, отбасылық жайлы ахуалды сезінуге жол ашу болды. Бұл бастама әсіресе моноэтносты ортадан шыққан балалар үшін үлкен тәжірибе мектебіне айналды.
Мамандардың айтуынша, оқушылар өздерін жайлы сезінген, жаңа ортаға тез бейімделген және тілді үйренуге деген ынтасы артқан. Қонақжай отбасылар да балаларды ықыласпен қабылдап, оларға шынайы қамқорлық көрсетті. Жоба әр тарап үшін де пайдалы әрі әсерлі тәжірибе болды.
Жобаның аяқталуына арналған салтанатты іс-шаралар 29 маусым күні Катонқарағай ауданының Ақсу, Өрел, Белқарағай, Жамбыл ауылдарында, Үлкен Нарын ауылында және Шемонаиха ауданының Камышинка ауылында өтті.
Ал 30 маусым күні сағат 17:00-де балалар Өскемен қаласына қайтып оралады. Қарсы алу рәсімі Б. Александров атындағы спорт сарайында (Абай даңғылы, 2) ұйымдастырылады.







