Катонқарағайдағы «Қонақжай отбасы»: тіл үйрену және дәстүрді сезіну
Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында өңірдің тілдік және мәдени әралуандығын қолдауға бағытталған ауқымды «Қонақжай отбасы» атты тілдік-оқыту жобасы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жоба аясында Катонқарағайда тіл үйренушілер сол тілдің тікелей тасымалдаушыларымен – Алена Самойлова, Татьяна Текенова және Альяна Уәлихановамен кездесті. Еркін диалог форматындағы бұл басқосу кезінде оқушылар тек тілді естіп қана қоймай, оны табиғи ортада – интонация, өмірлік әңгіме, дәстүр мен тұрмыстық көрініс арқылы жүрекпен сезіне алды.
Тіл иелері өздерінің жеке естеліктерімен бөлісіп, отбасылық салт-дәстүрлер, этномәдени ерекшеліктер мен ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан күнделікті әдеттер жайлы әңгімеледі. Бейресми атмосферада жоба қатысушылары күнделікті тақырыптарда еркін сөйлесіп, сұрақ қойып, ауызекі сөйлеу машықтарын жетілдірді. «Қонақжай отбасы» жобасы тілді үйренудің ең тиімді жолы – тірі тілмен, табиғи қарым-қатынас арқылы екенін дәлелдеді.
Мұндай кездесулер жобаның білім беру бағдарламасының маңызды бөлігіне айналды. Олар қатысушыларға тек тілді емес, сол тілді тұтынушы халықтың әлеуметтiк және мәдени болмысын терең түсінуге, этностар арасындағы өзара түсіністікке ашық болуға жол ашады.
Ауызекі тәжірибеден бөлек, «Қонақжай отбасы» жобасы дәстүрлі мәдениетті зерттеуді де қамтиды: оқушылар халық аспаптарында ойнауды үйреніп, Шығыс Қазақстанның киелі орындарын аралап, қолөнер және салт-дәстүрмен танысады. Биыл бұл жобаға облыс бойынша 140 мектеп оқушысы қатысады.
Дамир Омаров




