KZ
Өскемен
-23°
пасмурно жел 2 м/с, В
514.31 603.03 6.4

Берел сырын арқау еткен кітап жарық көрді

altainews.kz

2.07.2025, 19:00 257 Серік Құсанбаев

Катонқарағай өңірінде туған танымал өлкетанушы, тарихшы және жазушы Оралғазы Қажаевтың “Он бірінші қорғанның антологиясы” атты жаңа кітабы жарыққа шықты. Жаңа еңбек оқырманды Төр Алтайдың терең тарихына жетелеп, сақ дәуірінен бүгінге дейінгі маңызды кезеңдерге шолу жасайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Кітаптың негізгі желісі – Берел жазығында орналасқан әйгілі 11-қорған мен оның құпиялары. Автор археологиялық қазбалар нәтижелеріне сүйене отырып, ежелгі сақ тайпаларының салт-дәстүрі, дүниетанымы және олардың түркі халықтарының, соның ішінде Найман мен Керейдің қалыптасуына әсері туралы деректерді ұсынады. Сонымен қатар, Шыңғысхан империясының құрылуына алғышарт болған тарихи оқиғаларға талдау жасап, тың тұжырымдар мен болжамдар келтіреді.

 

– Бұл еңбекте 11-қорғаннан табылған жәдігерлер негізінде ғылыми және көркем тілде пайымдар жасалды. Сақ өркениеті, оның тарихи жалғастығы, сонымен қатар Шыңғысхан дәуіріндегі Найман мен Керей тайпаларының орны кеңінен баяндалады, – дейді Оралғазы Қажаев.

Тарихи мазмұнға бай кітапта “Қазақ” атауының шығу төркіні, көк тәңіріне мінәжат еткен жерлер мен Шыңғыстай атауына қатысты ғылыми көзқарастар да қамтылған. Сонымен бірге, жазушы Берел қорғандарын зерттеген белгілі археолог-ғалымдардың еңбектеріне сүйеніп, сол жерден табылған құнды жәдігерлердің мән-маңызын да ашып көрсетеді.

Кітап Алматыдағы “Ел шежіре” баспасынан жарық көріп, тарихи орындардың суреттерімен, көне карта сызбаларымен, археологиялық экспедициялардан алынған фотоматериалдармен безендірілген.

Оралғазы Қажаевтың бұл еңбегі тек Катонқарағай өңірі үшін ғана емес, жалпы қазақ тарихына, түркі өркениетіне қызығушылық танытатын барша оқырман үшін құнды дереккөз болмақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу