KZ
Өскемен
-2°
небольшой снег жел 4 м/с, СБ
511.22 540.05 4.73

Өскеменде Катонқарағай аңыздары мен Көккөл кеншілеріне арналған қос кітаптың тұсаукесері өтті

4.11.2024, 11:00 188 Төлеуғазы Жансая

2 қараша күні кітапханада Катонқарағай өңірінің бай мұрасы мен тарихи орындарын дәріптейтін, сондай-ақ мұздай сызды кеніште еңбек еткен жансебіл кеншілерге арнау болған «Катонқарағай – аңыздар өлкесі» және «Көккөлдегі көразап» кітаптарының тұсаукесері өтті,- деп хабарлайды тілшісі.

Бұл қос туындының авторы – кітапхана саласына 40 жылдан аса уақытын арнап, Қазақстан Республикасының "Еңбек сіңірген қызметкері" атағына ие болған ардагер кітапханашы, өлкетанушы Гүлзира Дәулетханқызы Жұмағұлова. Ол сонымен бірге - атақты жазушы Оралхан Бөкейдің шығармаларын насихаттау мен шығыс өлкесінің құндылықтарын дәріптеуге зор еңбек сіңірген жан.

Катонқарағай – аңыздар өлкесі кітабы бірнеше бөлімнен тұрып, оқырмандарды Алтай өңірінің мифтік, топонимдік, тарихи және шежірелік аңыздарына саяхат жасатады. Әр тарау шығыстың тылсым табиғаты мен тарихы туралы түрлі әңгімелерге толы, олар оқырманды бірден баурап алады. Кітапта Алтай өңірінің ежелгі аңыздары мен рухани қазыналары үлкен жауапкершілікпен жинақталған.

Екінші кітап – Көккөлдегі көразап – Мұзтау тауының етегіндегі Көккөл кенішінің өмірі мен күрделі кезеңдеріне арналады. Бұл кеніштегі кеншілер соғыс уақытында қажет болған вольфрамды өндірумен айналысқан. Гүлзира Жұмағұлова олардың қиыншылыққа толы еңбегін баяндай отырып, тарихқа тағзым жасаған. Кітапта заманауи оқырманға бұрын белгісіз болып келген деректер мен кеншілердің жанқиярлық еңбегі шынайы сипатталады.

Кітапхана қоры бұл қос кітаппен жаңа тарихи, тағылымды деректермен байыды. Бұл шығармалар тек Катонқарағай өңірі үшін ғана емес, бүкіл еліміздің мәдени мұрасы ретінде ерекше маңызға ие. Оқырмандарды тарихи шежіре мен еңбек адамдарын қадірлеуге жетелейтін бұл туындылар оқырмандар жүрегінен лайықты орын табары сөзсіз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу