KZ
Өскемен
-1°
небольшой снег жел 5 м/с, ОШ
512.81 604.19 6.57

Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау туралы заңға бір жыл: алғашқы нәтижелер қандай?

pixabay.com

3.07.2025, 11:00 252 Төлеуғазы Жансая

2024 жылғы 16 маусымда күшіне енген «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» Заң қоғамда үлкен серпіліс туғызып, нақты нәтижелер бере бастады. Бұл құжат балаларды қорғау және зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы әрекеттерді жүйелі түрде жүзеге асыруға жол ашты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша, балаларға қатысты жыныстық қол сұғылмаушылықты бұзу қылмыстары 21,3%-ға азайған. Сондай-ақ ауыр қылмыстар 8%-ға, аса ауыр қылмыстар 19%-ға қысқарған. Бұл – жүйелі жұмыстың алғашқы жемісі.

Заң аясында алдын ала ескертусіз тексерулер жүргізуге рұқсат берілді. Бір жылдың ішінде Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 58 тексеру өткізіп, нәтижесінде 1500-ден астам баланың құқығы қалпына келтірілді. Тексерулердің қорытындысы бойынша 24 ұйым басшысы әкімшілік, ал 78 маман тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Мемлекет барлық өңірде психологиялық қолдау орталықтарын ашты. 2025 жылдың басынан бері бұл орталықтар 50 мыңнан астам адамға көмек көрсеткен. Олардың қатарында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар мен ата-аналар да бар.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова бұл Заңның ең үлкен жетістігі – жекелеген шаралардан жүйелі модельге көшу екенін айтты. Бүгінде мектеп пен мекеме, уәкілетті орган арасындағы өзара байланыс пен жедел әрекет ету жүйесі жолға қойылған.

Балалар құқығын қорғау жүйесінің маңызды буынына өңірлік уәкілдер институты айналды. Олар тәуелсіз мәртебеге ие және балалар бар кез келген мекемеге кедергісіз кіре алады. Зорлық-зомбылықтың әрбір дерегі – осы уәкілдердің тікелей бақылауында.

«111» байланыс орталығы отбасы, әйелдер және балаларды қорғау саласындағы бірыңғай жүгіну арнасы ретінде заңмен бекітілді. Биылғы бес айдың өзінде орталыққа 88 мыңнан астам өтініш түскен. Сонымен қатар мектептерде QR-код арқылы құпия хабарлама беру жүйесі енгізілді. «ДОСБОЛLiKe» атты антибуллинг бағдарламасы іске қосылып, мектептегі жәбірлеу әрекеттері үшін жауапкершілік күшейтілді.

Бүгінде зорлық-зомбылық фактілеріне ведомствоаралық жедел әрекет ету алгоритмдері іске қосылған. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, балаларға көмек көрсету және оларды қорғау шаралары «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасына жүйелі түрде енгізілуде.

Бұл заң – бала құқығы мен әйел қауіпсіздігін қорғаудағы жаңа кезеңнің бастауы ғана. Алғашқы нәтижелер оның өзектілігін және маңызын нақты көрсетіп отыр.

Дереккөз: Оқу-ағарту министрлігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу