KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 2 м/с, Ю
521.81 543.67 5.05

Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық: алдын алу шаралары мен құқықтық өзгерістер

Фото: pexels.com

Кеше, 10:40 110 Гульжан Мусина

Мамандардың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген түрі әрбір сегізінші отбасында бар. Әрбір үшінші отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық болса, әрбір жетінші әйел – экономикалық, әрбір алтыншы әйел – физикалық, әрбір үшінші әйел – психологиялық зорлық-зомбылыққа тап болады. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда отбасындағы кемсіту мен қорқыту қалыпты жағдайға айналды, тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстарына құлақ үйренді. Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі соңғы жылдары аса маңызды қоғамдық тақырыптардың біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұған қатысты мәлімдемелері мен қабылданған заңнамалық өзгерістер елдегі әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау шараларының күшейтілгенін көрсетеді, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

2024 жылы еліміздің ішкі істер органдары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балаларды қорғау, жасөспірімдер арасындағы қылмыспен күрес және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізді. Ішкі істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесінде жүзеге асырылған реформалар мен нормативтік өзгерістер осы саладағы жұмыстың жаңа әдістерін енгізуге мүмкіндік берді.

Отбасы құндылықтары қазіргі қоғамда әлеуметтік-тұрмыстық өмірдің көлеңкесінде қалып, адамдар руханияттан гөрі материалдық қажеттілікті қамтамасыз етуге күш салып жатыр. Бұдан біз кезінде айтылған «Сананы тұрмыс билейді» қағидаты әлі күнге өзектілігін жоймағанын байқаймыз. Олай дейтін себебіміз, қазіргі қоғамдағы отбасылық кикілжіңнің басым бөлігі тұрмыстық жетіспеушіліктің салдарынан туындауда. Бүтіндей бір отбасының жүгін иыққа артқан кейбір ер азаматтардың да, жүрек жылуымен азаматын, ұл-қызын айрандай ұйытып отыратын бірқатар аналардың да өз міндетіне салғырт қарауының салдарынан көптеген шаңырақтан береке кете бастады. Мамандар оның себептерін отбасы мәдениетінің төмендігімен түсіндірсе, еліміздегі ажырасу көрсеткіштерінің жылдан-жылға ұлғаюы салдарынан балалар құқығы назардан тыс қалуда.

Қазақстанда салауатты өмір салтын сақтау мен нығайтудағы басты міндеттің бірі – бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізу. Егер зомбылықты физикалық қасірет көрсету әрекеті десек, онда тұрмыстық зомбылықта осы әрекеттің бастауы мен айқындау нүктесі – жанұя, яғни зұлымдық жасаушы мен оның жемтігі ең жақын адамдар болады. Олар – көбіне жұбайлар мен балалар.

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алуға бағытталған шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылуда. 2024 жылы полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңға жуық хабарлама түсті. Осы мәселеге қатысты қабылданған шаралар арасында 72 мың қорғау нұсқамасы мен 16 мыңға жуық сот шешімі қабылданған. Сондай-ақ, зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету мақсатында елімізде 69 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. 2024 жылы осы орталықтарға 5,5 мыңнан астам әйел, оның ішінде 3,7 мың ана балалары бар жүгінді.

Ішкі істер министрлігінің қол жеткізген нәтижелері айтарлықтай. Соңғы 5 жылда әйелдер құқығын бұзу жөніндегі қылмыстар саны екі есеге қысқарып, зорлық-зомбылық қылмыстары 37,9%-ға, оның ішінде кісі өлтіру 49,3%-ға және ауыр дене жарақаттары 8,7%-ға төмендеді.

Бала – еліміздің жарқын болашағы. Мұндай қатыгездіктердің алдын алып, балалардың өмірін қорғауымыз керек. Отбасындағы ата-ананың мінез-құлқы – баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысаны. Атамыз қазақ «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп тегін айтпаған. Нашақорлық, темекіге, ішімдікке үйірлік бұзықтық жолға түсіп зорлық-зомбылық жасауға мүмкіндік туғызады, еңбек етуге, қоғамға, денсаулыққа, ұрпаққа, отбасына зиянын тигізеді.

Бүгінде барша әлем елдерінде белең алған тұрмыстық заңбұзушылық біздің елімізде де өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Отбасындағы жанжалдың кесірінен болатын қылмыстардың жиілеп кетуіне қоғам алаңдаулы. Зерттеулер бойынша оның басты себептерінің біріне – маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жағдайлар жатады. Тұрмыста жапа шегетіндер негізінен әйел адамдар. Ал, біздің мемлекетіміз үшін әйел-ананы қорғау ерекше мәселе.

Президент кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етті.

«Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек. Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет»,- деп қадап айтты Президент.

2024 жылы күшіне енген «Кейбір заңнамалық актілерге әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті жаңа деңгейге көтерді. Бұл заң әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылық жасағаны үшін жазаны қатаңдатуды көздейді. Атап айтқанда, кәмелетке толмаған баланы зорлағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылса, өзін-өзі өлтіруге немесе қорлауға итермелегендерге қылмыстық жауапкершілік белгіленген.

Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді.

Осылайша, бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық ретінде сараланып келсе, енді осы тектес қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Жазаларға 80-ден 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу жатады.

Жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.

Педофилді өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру,  кәмелетке толмаған 16 жасқа толмаған балаларды жыныстық қудалау үшін 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған. Кәмелетке толмағанды заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал кәмелетке толмаған баланы ұрлау – 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру шарасы қолданылады.

Бұл заң жобасының қалыптасуына Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мекемесі де өз үлесін қосты.

2023 жылдың қараша айында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес мәселелері бойынша халықаралық конференция өткізді, оның барысында мемлекеттік органдармен, сарапшылармен, ҮЕҰ және дағдарыс орталықтарының өкілдерімен бірлесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға ықпал ететін негізгі факторлар талқыланды. Нәтижесінде заңнамалық түзетулер пакеті қалыптастырылып, Қазақстан Республикасы Парламентіне жолданды.

Шығыс Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін үш дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Олар әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полицейлермен тығыз жұмыс істейді. Биылғы жылы ғана полиция қызметкерлері 100-ге жуық әйелді, оның ішінде көпбалалы аналарды дағдарыс орталықтарына жіберді. Құқық қорғау органдары елдің әр өңірінде осындай дағдарыс орталықтарын ашуды жоспарлап отыр.

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес белсенді жүргізілуде, әрі ол қоғамдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған заңнамалық өзгерістер, сондай-ақ ішкі істер органдарының қолға алған алдын алу шаралары ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен ықпал етуде. Жаңа өзгерістер мен дағдарыс орталықтарының жұмысын күшейту тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен оның зардап шеккендеріне көмек көрсету бағытындағы маңызды қадам болып табылады.

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу