KZ
Өскемен
-17°
туман жел 2 м/с, СБ
510.18 601.91 6.51

Өскеменде қоғамдық тәртіп пен жайлылықты жақсарту жұмыстары күшейді

21.07.2025, 18:00 267 Әбішев Ержан

 

Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов қала ортасы мен қоғамдық орындардың жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жаз мезгілінде тұрғындардың демалыс орнына айналатын саябақтар, скверлер мен жаяу жүргіншілер жолдары – қала билігінің басты назарында. Әкімнің айтуынша, тұрғындардың шағымын күтпей-ақ, қоғамдық кеңістіктерді таза әрі жайлы ету қажет.

Алмат Ақышов заңсыз сауда нүктелеріне, әсіресе саябақтар мен скверлердегі заңсыз сауда орындарына тыйым салуды тапсырды. Мұндай орындар қаланың эстетикалық келбетіне нұқсан келтіріп қана қоймай, қала тұрғындарына да қолайсыздық туғызады.

Қалада көптен бері көтеріліп келе жатқан өзекті мәселелердің бірі – қоғамдық дәретханалар. Әкім бұл мәселеге жүйелі түрде қарау қажеттігін атап өтті. Жайлылық дегеніміз – тек гүлзар мен орындықтар ғана емес, базалық санитарлық жағдайдың да сақталуы.

Қала көшелерінің тазалығы мен қоқыс шығару жұмыстары да ерекше назарға алынды. Қоқыс жинау кестесінің айқындығы, оның орындалу уақтылығы және мердігер ұйымдардың жауапкершілігі – осының барлығы қала тазалығының негізі болуға тиіс. Әкімдік бұл салада бақылауды күшейтпек.

Өскеменде электросамокат пен велосипед қолданушылар қатары артқанымен, оларды реттеу мәселесі де өзекті болып отыр. Әсіресе, жаяу жүргіншілермен, оның ішінде балалар мен егде жастағы азаматтармен қақтығыстар жиі орын алуда. Осыған байланысты әкім жаяу жүргінші аймақтарында мұндай көліктердің қозғалысын қауіпсіз етуге тапсырма берді.

Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, ит серуендетуге арналған аймақтар жасақталатын болады. Бұл жерлерде санитарлық талаптар қатаң сақталуға тиіс. Әкім үй жануарларын ұстау – иесінің тек құқығы ғана емес, жауапкершілігі екенін де атап өтті.

Жалпы, қала әкімдігі Өскеменнің қоғамдық кеңістіктерін жайлы әрі қауіпсіз ету үшін белсенді қадамдар жасап жатыр. Басты мақсат – тұрғындар өз қаласында өмір сүруді ыңғайлы әрі мәдениетті сезінуі.

Дамир Омаров
Фото: Жібек Нұрахмет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу