Жаңа жағалауда санитарлық инфрақұрылым 10 сәуірге дейін толықтырылады

pixabay.com
Өскемендегі демалыс орнына айналған жаңа жағалауға қоғамдық дәретханаларды осы нысанды салған мердігер компания орнатады. Ал қаланың басқа бөліктерінде санитарлық-гигиеналық тораптар салу үшін жергілікті билік инвесторлар тартуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өскемендегі Үлбі өзенінің жаңа жағалауы 2024 жылдың тамыз айында ашылған болатын. Бұл орын бірден тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналды. Алайда мұнда санитарлық тораптар болмаған.
Журналистермен өткен брифинг барысында Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов бұл мәселе биылғы сәуір айында шешімін табатынын айтты. Оның айтуынша, жағалауға дәретханалар орнатылады.
Сондай-ақ ол қаланың өзге аймақтарында санитарлық-гигиеналық тораптар салу үшін бюджет қаражатын жұмсамай, инвесторлар тарту қажет екенін жеткізді.
Қала әкімдігі санитарлық тораптар орнатуға ниет білдірген кәсіпкерлерге жер телімін тегін жалға беруге дайын екенін айтты.