Шығыста аңшылар мен балықшылардың туристік фестивалі өтті
Шығыс Қазақстан облысында табиғатпен үндестік пен ұлттық дәстүрді ұштастырған ерекше фестиваль өтті. Аңшылық пен балық аулауға қызығатын жандар табиғатты аялауды насихаттап, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті дәріптеу мақсатында бас қосты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Фестивальге Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Орал, Ақтөбе, Қызылорда және Атыраудан арнайы келген қонақтар қатысты. Олар өңірдің бай табиғаты мен мәдениетімен етене танысып, белсенді демалыс арқылы қоршаған ортаға құрмет көрсетуге үндейтін іс-шараның куәсі болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл — жай ғана демалыс емес, елдегі экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды алаң. 2012 жылы құрылған аңшылар қауымдастығында бүгінде жарты миллионнан астам адам бар. Олар браконьерлікпен күресіп, жастар арасында табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруда белсенді жұмыс істеп келеді.
Фестиваль бірнеше аудан аумағын қамтыды: Алтай, Күршім және Катонқарағай өңірлері мәдениет пен табиғат тоғысқан көрікті мекенге айналды. Қонақтар Шығыстың әсем көрінісімен, жергілікті халықтың тарихымен және ұлттық салт-дәстүрлерімен танысуға мүмкіндік алды.
Іс-шара аясында қатысушылар тәжірибе алмасып, экологиялық туризм мен табиғатты қорғау мәселелерін талқылады. Олар бұл фестиваль дәстүрге айналып, Шығыс Қазақстан өңірі табиғат жанашырларын біріктіретін тұрақты орталыққа айналады деген сенім білдірді.







