Қырық жылдық еңбек: тоқтаусыз станция, тынымсыз жүрек
Бір ғұмыр бір салаға арналып, бір еңбек жолы елге қызмет етудің тағдырлы таңдауына айналады екен. Өмірінің отыз сегіз жылын энергетикаға бағыштап келе жатқан Нұрбек Төлеубекұлы Жұмажановтың еңбек жолы – осыған дәлел. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында біз Өскемен жылу электр станциясындағы қарапайым шамнан бастап күрделі қондырғыға дейін жетік меңгерген, таңмен таласа оянып, станция тынысын көзбен көрмей көңілі тынбайтын еңбекқор жанмен оның бала күнгі армандарынан бастап, өндірістегі сын сәттері мен отбасындағы тәрбие тағылымына дейін бүкпесіз әңгімелескен едік.
– Нұрбек аға, бүгінде бір салада қырық жылға жуық табан аудармай еңбек етіп келесіз. Осы ұзақ еңбек жолының бастауында не тұр еді? Алғашқы қадамыңыз қалай басталды?
Мен – Тарбағатай ауданының шеткері ауылдарының бірі, Жаңауылдың тумасымын. Осында туып-өстім, балалық шағым мен алғашқы арман-үміттерім де осы қасиетті топырақта қалыптасты. Ауылдағы орта мектепті тәмамдаған соң, жоғары оқу орнына түсуге талпыныс жасадым. Бірақ сол кездің тәртібі қатал, талабы биік еді – бағытым бірден оңынан түсе қоймады.
Бірақ мойымадым. Отан алдындағы борышымды өтеуге аттанып, әскери қызметімді адал атқарып қайттым. 1984 жылы техникумға оқуға түсіп, 1987 жылы сәтті аяқтадым. Қолыма диплом алған соң, мені реле қорғанысы мамандығы бойынша Арқалыққа инженер қызметіне жіберді. Алайда бірқатар себептерге байланысты туған өлкеге қайта оралуды жөн санадым.
Сол кездері барлық электр жүйелері бір құрылым – «Алтайэнерго» аясында жұмыс істейтін. Мені Өскемен қалалық жылу электр станциясына жұмсады. 1987 жылдың 6 маусымында бұйрық шығып, мен электромонтер-кезекші инженер ретінде алғашқы еңбек жолымды бастадым.
Оқуда жүргенде подстанцияда жұмыс істеймін деп ойлаған едім – ашық аспан астындағы таза, жел есіп тұратын кең алаңды елестететінмін. Ал станция – суды да, шуды да, ласты да қатар алып жүретін күрделі жүйе. Алайда, «қазақ бармаймын деген жеріне үш барады» деген сөз рас. Осы станцияда үш ай сынақ мерзімінен өтіп, өз орнымды тапқандай болдым.
Кәсіби жолымда қарапайым электромонтерліктен басталып, аға электромонтер, 1997 жылы ауысым бастығы, кейіннен цех бастығы деңгейіне дейін көтерілдім. Турбиналық цехта дайындықтан өтіп, қазандық цехында да қызмет атқардым. 2013 жылы басшылықтың нұсқауымен отын тасымалдау цехына ауыстым. Онда жеті жылдай жұмыс істеп, тәжірибемді толықтыра түстім. 2020 жылы өзіме етене таныс электроцехқа бастық ретінде қайта оралып, жаңа кезеңімді бастадым. Бүгінде бір салада үздіксіз 38 жыл еңбек етіп келемін. Қазір бұл тек мамандық емес, өмір жолымның арқауы, маған сенім артқан ұжымның, әріптестерімнің достығына ұласып кеткен баянды өмір.
– Әр адамның өмір жолында бір шешуші сәт болады. Сізді электр энергетикасы саласына алып келген жол қалай басталды? Бұл таңдауға не әсер етті?
Мектеп қабырғасында жүрген кезімде-ақ нақты ғылымдарға, әсіресе физика, химия және сызу пәндеріне ерекше қызығушылық таныттым. Электр жарығының қалай пайда болатыны, токтың қандай жолмен жүретіні, шамның қалай жана бастайтыны сынды сұрақтар үнемі ойымды мазалайтын. Іштей бір құбылыстың тереңіне үңілгім келетін.
Жетінші сыныпта алғаш рет физика пәні енгізілді. Бұл пәнді бізге жаңадан жоғары оқу орнын аяқтаған жас маман беретін. Әр сабақ сайын мен оған сансыз сұрақ қойып, мазасын алатынмын. Бірақ ол ешқашан қабақ шытқан емес – керісінше, әр сауалымды байыппен тыңдап, барынша түсіндіріп беруге тырысатын. Қазір ойласам, сол ұстазымның сабыры мен ізгілігі, жас бала бойындағы ұшқынға сеніммен қарауы – болашақ мамандығымның іргетасын қалаған сияқты.
Міне, бала кезден басталған сол қызығушылық, бір қарағанда жай ғана құмарлық болып көрінген сезім, уақыт өте келе үлкен еңбек жолына – 38 жылдық адал қызметке айналды.
Қазір артыма қарайлай отырып, өмір жолымды қайта бастауға мүмкіндік берілсе, еш ойланбастан тағы да осы жолды таңдар едім. Тағы да электрик болар едім. Мүмкін, басқа салалардың қыр-сырын терең зерттемегендіктен болар, бірақ адам өзі үйренген, жүрекпен қабылдаған, қолына жарасқан ісіне бейім болады екен.
– Алғашқы қызметіңізде қандай міндеттер орындадыңыз?
Кезекші электромонтер – станция жұмысының тыныс-тіршілігіне тікелей жауапты, үлкен сенім артылатын маман. Бұл қызмет тек бір шамды ауыстырумен немесе ұсақ-түйек жұмыстармен шектелмейді. Керісінше, бүкіл станциядағы электр жабдықтарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету – дәл осы маманның иығына артылған үлкен жауапкершілік. Қарапайым контактіден бастап қуатты трансформаторлар мен күрделі басқару жүйелеріне дейін – бәрі де оның назарында. Әр сәтте қырағылық танытып, әр ақауды дер кезінде анықтап, оны жою – станцияның қауіпсіздігі мен үздіксіз жұмыс істеуінің кепілі. Мұндай қызметке тек техникалық білім ғана емес, үлкен жауапкершілік, төзімділік пен тиянақтылық қажет.
– Қырық жылда түрлі замандарды, не бір кезеңдерді бастан өткіздіңіз. Ең әсерлі сәттер туралы баяндап бермессіз бе?
Ұзақ жылдар ішінде бұл ортаның құлдырауын да, қайта қанат жаюын да көзбен көріп, жүрекпен сезіндім. Кеңес Одағы тараған тұс, тоқсаныншы жылдары ел басына күн туған шақта біз де қиындықтың бел ортасында жүрдік. Экономика тұралап, жалақы атаулы жоғалып кетті. Энергияны тұтынған кәсіпорындар ақысын төлеудің орнына өз өнімдерімен есеп айырысуға мәжбүр болды. Сол кездері жұмысшыларға айлық орнына бір құшақ ірімшік пен сүт өнімдері берілетін. Тұрмыстың өзі саудаға айналғандай, жалақы орнына азық-түлік, киім-кешек секілді заттай өтемақы алған күндеріміз болды.
Кейін «чек» дәуірі келді. Жалақы орнына қолымызға қағаздан жасалған чек кітапшаларын ұстататын. Сол чекпен базардан, дүкеннен керегімізді алуға тырысамыз. Қалтамызда ақша емес, чектер жүрген заман өтті басымыздан. Инфляция өршіп тұрды – бүгінгі құны бар теңге ертеңгі күні құнсыз қағазға айналып шыға келетін. Еңбекақыны қолма-қол кассадан алатын болғандықтан, кейде сөмкелеп ақша тасып жүрген күндер де болды.
1997 жылға дейін бұл сала дағдарыс жағдайында болды. Бірақ сол тұста АЭС (ағымдағы энергетикалық станция) бізді өз құрамына алып, жұмысымызды әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік берді. Бұл – біздің ұжым үшін жаңа тыныс, үлкен тәжірибе болды. Жағдай біртіндеп түзеле бастады. Кейін станцияны Қазақстан коммуналдық меншігі иемденіп, даму бағыты айқындала түсті.
Бүгінде біздің жылу электр орталығы – еліміздегі ең көне станциялардың бірі. 1947 жылы іске қосылған бұл өндіріс орны уақыт сынынан сүрінбей өтіп, техникалық жаңару мен адами капиталдың арқасында әлі де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Компанияны Қазақстандағы алдыңғы қатарлы энергия көздерінің бірі деп нық сеніммен айтуға болады. Бұл – ондаған жыл бойы еңбек етіп келе жатқан мыңдаған жұмысшының маңдай тері, кәсіби шеберлігі мен адалдығының жемісі.
– Ұзақ жылғы еңбегіңіз қатаң тәртіпке үйреткен болар. Жұмыс күніңіз қалай басталады?
Жұмыс күнім таңғы сағат бес жарымда басталады. Бұл – күнделікті өмірімнің қалыптасқан ырғағы, жылдар бойғы тәртіптің жемісі. Ұйқыдан тұрған соң, міндетті түрде таңғы жаттығумен айналысамын. Дене қозғалысы – ой тәртібін реттейді.
Алтыдан бес-он минут кеткенде үйден шығып, жұмыс орныма бет аламын. Станцияға келген бойда жұмыс процестерін қадағалайтын бағдарламалар арқылы электр және жылу жабдықтарының жай-күйімен танысамын. Қай құрылғы қандай режимде жұмыс істеп тұр, қай қазандықтың қысымы қандай – саралап, алғашқы талдау жасаймын.
Осыдан кейін үш орынбасарыммен телефон арқылы байланысып, олардың жоспары, цехтардағы техникалық жағдай мен мүмкін болатын ақаулар жөнінде нақтылап сұраймын.
Бұдан соң күн сайын әдетіме салып, жұмыс нысандарын жаяу аралап шығамын. Бұл – міндетті рәсім болмаса да, көзбен көріп, қолмен ұстап, жағдайға өзім толық көз жеткізбейінше, көңілім орнына түспейді. Құрылғылар жұмысын монитордан ғана емес, басынан бақылау – тәртіптің кепілі.
Содан кейін ауысым бастығымен тілдесіп, станцияда болып жатқан барлық оқиғалардан хабардар боламын. Өзгерістер, күтпеген жағдайлар немесе штаттық режим – барлығы назарымда болуы керек.
– Жұмысыңызда апаттар да болып тұратыны белгілі. Мұндайда жұмыс тәртібі өзгере ме?
Ең ауыры – аяқ астынан болатын апаттар. Демалыс пен мереке деген ұғым ұмытылады. Өйткені өндіріс – тоқтаусыз жұмыс істейтін тірі ағза тәрізді. Күн мен түннің, демалыс пен жұмыс күнінің айырмасы жоқ. Сен сол ағзаның бір бөлшегі болған соң, үнемі сергек, әрдайым жауапкершілікпен әрекет етуің керек.
Іс насырға шапса, “қазір демалып жатырмын” деп шетке шыға алмайсың. Жауапкершілік сезімі бәрінен биік тұрады. Қандай уақыт, қай мезгіл болмасын – бар жұмысыңды тастап, істен шыққан жерді іздеп, ақаудың түп-төркінін анықтап, оны қалпына келтіруден маңызды ештеңе болмайды.
Кейде түн ортасында, кейде таң алагеуімде дабыл қағылып, станцияға асығып жеткен кездер аз емес. Осындай сәттерде нағыз команда, нағыз кәсіби рух пен тәртіп сынға түседі.
– Компьютер, ұялы телефон сынды технологиялар қызметтеріңізді жеңілдетті ме?
2007 жылдары жылу электр станциясына алғаш рет компьютерлік бақылау жүйесі енгізілді. Бар болғаны сегіз қазандық пен сегіз турбинаның қысқаша жұмыс көрсеткіштерін ғана көруге мүмкіндік беретін. Ақпарат ауқымы шектеулі, технология енді-енді дамып келе жатқан шақ. Ал бүгінде әрбір құрылғы мен қондырғының жай-күйі, жұмыс режимі, техникалық параметрлері көз алдымызда, монитор бетінде анық тұр. Уақытпен бірге технология да, басқару тәсілі де түбегейлі өзгерді.
– Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз. Балаларыңыз бар ма? Әке жолын қуып, сіздің кәсіби ізіңізді жалғастырған ұл-қыздарыңыз бар ма?
Бүгінде бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдім. Ұлым елордада энергетика саласында ауқымды жобалармен айналысып жүр. Бұл – мен үшін ерекше мақтаныш. Ал қызым – қоғаммен байланыс саласының маманы. Бұл да өмір бойы ұстанған еңбекқорлық, тәртіп пен табандылық сынды қағидаларымның әсері ме деп білемін.
Айта кету керек, қызмет жолында да аз адамға жауапты болмадым. Қазіргі таңда қарамағымда, өзімді қосқанда, 60 адам еңбек етеді. Ал бұрын отын тасымалдау цехында жүргенде 85 адамнан тұратын үлкен ұжымды басқардым. Әрбір адамның қауіпсіздігі мен еңбегі – маған аманат. Бұл жауапкершілік күнделікті қызметімнің ажырамас бөлігіне айналып кетті.
– Жолыңызды қуған жастарға қандай кеңес айтар едіңіз?
Қазіргі жастарға қарап сүйсінесің. Білімді, заманауи, жаңалыққа жаны құмар. Табандылықтары да бар, рахмет айта білетін тәрбиелі буын өсіп келеді. Дегенмен, бәріне бірден қол жеткізсем деген асығыстық та жоқ емес. Арманнан басқа, еңбек, төзім, шыдам деген үлкен ұғымдар бар екенін ұмытып кететін сәттер кездеседі. Жетістік – жеңіл олжа емес, ұзақ жылдық маңдай тер мен табандылықтың нәтижесі.
Нағыз жетістік – сын сағатында шыдас беріп, ұсақ-түйекке мойымай, өз ісіңе адал болудан басталады.
Сол себепті жастарға айтарым – өзіңді шыңдаудан, еңбек етуден, үйренуден жалықпа. Адал еңбектің өтеуі міндетті түрде келеді.
– Сұхбатыңызға рахмет!