Өскеменде Абай Құнанбайұлына арналған ауқымды мерекелік шара өтті
А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапхана ұжымы ұлы ақын, ойшыл, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлына арналған үлкен мерекелік іс-шараға қатысты.
Шара қаламыздың көрікті орындарының бірі — Солжағалау кешенінде өтті. Кең әрі әсем безендірілген киіз үй ішінде кітапхана қонақтарға «Абай мұрасы – ұлтымыздың рухани қазынасы» атты әдеби көрме ұсынды. Көрмеге Астана, Алматы, Жамбылдан келген меймандар мен жергілікті тұрғындар қызығушылық танытты. Әсіресе жастардың Абай шығармаларын парақтап көруі ерекше қуантты.
Мерекеге жиналғандар облыстық филармонияның концертін, драма және опера театрының қойылымын тамашалады, сондай-ақ Абай үйіне экскурсия жасады. Мұнда қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, қолөнер бұйымдары мен кәдесыйлар көрмесін көрді. Балалар мен жасөспірімдер ұлттық ойындар ойнап, шеберлік сағаттарына қатысты.
Облыстық зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасы келушілерге Луи Брайль қарпімен жазылған кітаптарды ұсынды. Күні бойы этносаябақта Абайдың әуезді әндері шырқалып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше рухани шабыт сыйлады.




