KZ
Өскемен
-11°
пасмурно Штиль
522.19 606.42 6.47

ШҚО-да «Мектепке жол» акциясы аясында 20 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетіледі

depositphotos.com

12.08.2025, 12:30 242 Арайлым Орсаринова

1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында елімізде өтетін «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында биыл Шығыс Қазақстан облысында 20 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетілмек. Акция барысында әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар мектепке қажетті киім-кешек пен құрал-жабдықпен қамтамасыз етіледі. Осы мақсатта бюджеттен 948,5 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл қайырымдылық шарасы – балалардың жаңа оқу жылына толық дайын болуына бағытталған маңызды әлеуметтік бастама. Көмек аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына, жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдерге көрсетіледі.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңірлік іс-шаралар жоспары бекітіліп, облыстық штаб құрылды. Биыл «Балаларға мейірім сыйла!», «Ауыл балаларына – мектепке сыйлықтар», «Отбасы отбасына көмектеседі: Балаларды мектепке дайындаймыз!» сынды бірнеше ауқымды акция өтеді.

2025-2026 жаңа оқу жылында өңірдегі 343 мектепте 98 мыңнан астам оқушы білім алмақ. Соның ішінде 20 мыңнан астам бала жалпыға бірдей міндетті білім беру аясында көмекке ие болады. Аталған шараға облыстық бюджеттен 7,2 млрд теңге бөлініп, оның 948,5 млн теңгесі мектеп формасы мен аяқ киім сатып алуға жұмсалады.

Өткен жылы акция аясында 3 166 балаға 37,9 млн теңгеге көмек көрсетілген. Биыл 4 мыңнан астам оқушыны қолдау үшін 646-дан астам меценатты тарту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, 30 қыркүйекке дейін білім басқармасы мен полиция департаменті бірлесіп, дәлелсіз себеппен мектепке бармай жүрген балаларды анықтау бойынша рейдтер жүргізеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу