"Мектепке жол" республикалық акциясы басталды
Сурет көрнекілік үшін алынды: turkystan.kz
Елімізде 1 тамызда «Мектепке жол» республикалық акциясы басталды.
Жалпыреспубликалық акция «Жақсылық жаса!» деген ұранмен 30 қыркүйекке дейін жалғасады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Акцияның мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылы қарсаңында материалдық қолдау көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бара алмай қалуының алдын алу.
Бүгінде «Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясын ұйымдастыру және өткізу бойынша өңірлік іс-шаралардың облыстық жоспары әзірленген. Оған қоса, акцияны өткізудің облыстық штабы бекітілді.
Аудандар мен қалаларда «Балаларға жақсылық жаса!», «Ауыл балаларына – мектепке сыйлықтар», «Отбасы отбасына көмектеседі: баланы мектепке жинаймыз!» қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылады.
Акция кәсіпкерлерді, меценаттарды, мемлекеттік органдарды қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылар мен балаларға көмек көрсетуге шақырады.
Биылғы оқу жылында өңірдегі 342 мектепте 98 мыңнан астам оқушы білім алады. Мұның ішінде 22 мыңнан астам оқушы жалпыға бірдей оқыту аясында қолдау алады. 2023 жылға облыстық бюджеттен 2,9 млрд теңге бөлу қарастырылған. Сондағы 894,7 млн теңге мектеп формасы мен аяқ киім сатып алуға жұмсалмақ.
Биыл 4500-ден астам баланы мектепке дайындау үшін 650-ден астам меценат тарту жоспарда бар. 10-12 тамыз аралығында облыс орталығында «Мектеп жәрмеңкесі» де өткізіледі. Жәрмеңкеде отандық тауар өндірушілердің өнімдері ұсынылмақ.
Сондай-ақ іс-шара аясында білім басқармасының мамандары полиция департаментімен бірлесіп себепсіз мектепке бармайтын балаларды анықтау үшін рейд жүргізеді.