KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

Өскеменде экспортты қолдаудың жаңа тетіктері талқыланды

14.08.2025, 14:30 243 Арайлым Орсаринова

Бүгін Өскеменде «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ өкілдері жергілікті кәсіпкерлерге арналған семинар өткізді. Шараға агроөнеркәсіп, жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларындағы өндірушілер қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Семинар барысында кәсіпкерлерге ЭКА ұсынатын қолдау шаралары, цифрлық платформалар мен экспорттық операцияларға кепілдік беру механизмдері таныстырылды. Жиында ЭКА-ның өңірлік менеджері Алтынгүл Төлегенова агенттіктің қызмет түрлері туралы баяндап, экспорттық операцияларға кепілдік беру және «Экспорттаушының жеке кабинеті» платформасына ерекше назар аударды. Жаңа цифрлық шешімдер кәсіпкерлерге өтінім беру мен шарт жасасу процесін онлайн режимде жүргізуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы сақтандыру өтемі мен кепілдіктер көлемі бойынша еліміздегі үш ірі өңірдің қатарына енді. Өткен жылы ЭКА оннан астам жергілікті компанияға сыртқы нарықта орнығып, тұрақтануға қолдау көрсетті. 2024 жылы агенттіктің қолдауымен облыста 62 млрд теңгеден астам қаржыға жобалар жүзеге асты.

– Бүгінде агенттіктің арсеналында 20-дан астам қолдау құралы бар. Шығыс Қазақстан облысына келер болсақ, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша өңірдегі кәсіпкерлерді қолдауға 30 млрд теңге бағытталды. Жалпы алғанда, соңғы жылдары ШҚО кәсіпкерлеріне 70 млрд теңгеден астам қаржылай қолдау көрсетілді. ЭКА портфелінде шағын және орта бизнес үлесі 70%-дан асады. Бұл біздің компаниямыздың шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлетінін көрсетеді, әрі алдағы уақытта да осы бағыттағы қолдау шаралары жалғаса береді, – деді «Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ PR қызметі басшысының орынбасары Мұхтар Жәмішжанов.

Өңірлік кәсіпкерлерге арналған семинарда жылдық мөлшерлемесі 12,6%-дан аспайтын экспорт алдындағы қаржыландыру механизмі кеңінен талқыланды. Бұл қолдау шарасы – шикізат сатып алу және өнімнің экспорттық партияларын дайындау үшін айналым қаражатын қамтамасыз етуге бағытталған.

Кәсіпкерлер семинарда сауданы қаржыландыру, несиелік тәуекелдерді сақтандыру, төлемдерді кейінге қалдыру, сондай-ақ халықаралық байқаулар мен келісімшарттар бойынша әртүрлі кепілдіктер туралы ақпарат алды.

Агенттік өкілдерінің айтуынша, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында компания 333 млрд теңгеден астам қаржылай қолдау көрсеткен. Жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 600 млрд теңгеге жетуі мүмкін.

Фото/видео: Жалғас Сақадиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу