KZ
Өскемен
-5°
туман жел 1 м/с, ОШ
508.3 592.17 6.63

Қала күні қарсаңында ерекше байқау: бейнеролик түсіріп, сыйлық ұтып алыңыз

pexels.com

21.08.2025, 17:00 210 Төлеуғазы Жансая

Өскемен қаласының туған күні қарсаңында ерекше шығармашылық байқау жарияланды. «Өскеменге махаббатпен» деп аталатын бұл жоба видеографтар, мобилографтар және дрон-операторлар үшін қаланың сұлулығын, тарихын, табиғатын және өзіндік атмосферасын бейнелейтін қысқаметражды бейнеролик түсіруге мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға кез келген ниет білдіруші қатыса алады, жасы да, кәсібі де шектелмейді. Ең бастысы – туған қаласына деген сүйіспеншілікті шынайы жеткізе білу, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бейнероликтер заманауи форматта – 9:16 өлшемінде және 4K сапада түсірілуі тиіс, ал ұзақтығы бір жарым минуттан аспауы керек. Ролик мазмұнында қаланың көрікті жерлері, табиғаты, тарихы мен дамуы көрініс табуы шарт. Қызықты оқиғалар, әзілге толы сәттер мен креативті идеялар да қошеметпен қарсы алынады. Байқауға қатысушылар міндетті түрде @akimatoskemen және @oskemen_sayasat Instagram парақшаларына жазылып, қабылданған видеосын 26 тамыз күні өз парақшасында жариялап, соавтор ретінде белгілеуі және арнайы хэштегтер қоюы қажет.

Жұмыстар 15 тамыз бен 25 тамыз аралығында қабылданады. Өтінім мен дайын бейнеролик qairatuly@bk.ru электрондық поштасына жолдануы тиіс. Бір қатысушы тек бір жұмыс ұсына алады, ал плагиатқа қатаң тыйым салынады. Жеңімпаздар Instagram желісінде ең көп лүпіл жинау арқылы анықталады. Жалған белсенділікке немесе басқа парақшалармен соавторлыққа жол берілмейді.

30 тамызда, қала күні мерекесінде жеңімпаздар ресми түрде марапатталады. Бас жүлде иегері 300 мың теңге, екінші орын 200 мың теңге, үшінші орын 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болады. Ең үздік ролик мерекелік гала-концерт сахнасында көрсетіліп, қаланың әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында жарияланады. Ұйымдастырушылар бұл байқау Өскеменнің ерекше қырларын ашып, тұрғындар мен қонақтарының жүрегінде жылы әсер қалдыратынына сенімді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу