Қандысу су қоймасы қайта жаңғырып, аудан шаруаларына дем бермек - ШҚО
altainews.kz
Ауыл шаруашылығы – Тарбағатай ауданы экономикасының тірегі. Әсіресе суармалы егіншілік жергілікті шаруалардың өнімділігін еселеп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Соңғы жылдары бұл бағытта бірқатар жобалар қолға алынып, нақты жұмыстар бастау алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аудан аумағындағы ең ірі нысандардың бірі – «Қандысу» су қоймасы. Оның толық су жинау сыйымдылығы – 43,7 млн текше метр, бекітілген егістік жер көлемі – 7 мың гектар. Алайда қазір қойма апатты жағдайда болғандықтан, су жинау толық тоқтатылған.
Қазіргі уақытта ескірген суару арналарына қатысты жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, аудандық магистральдық каналдардың техникалық құжаттамасы мен жерге құқық белгілейтін актілері әзірленуде. Бұл мақсатқа жалпы сомасы 26,5 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның ішінде Қандысу су қоймасынан бастау алатын тоғамдарға – 9,1 млн теңге, Орта Ласты және Шет Ласты өзендерінен бастау алатын тоғамдарға – 17,3 млн теңге. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін кезең-кезеңімен жөндеу және реконструкциялау жүргізілмек.
Бүгінде суармалы егістік жерлердің көлемі біртіндеп артып келеді. Бұған ауыл шаруашылығы кооперативтерінің бастамалары себеп болып отыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бірнеше кооператив жаңбырлатып суару технологиясын енгізуге өтінім беріп, қолдау тапқан. Атап айтқанда «Қызылбұлақ» өндірістік кооперативі 150 гектар, «Alua corporation» кооперативі 40 гектар, «Қайқы» кооперативі 40 гектар жерді жаңбырлатып суару әдісімен игеруді жоспарлап отыр. Бұл бастамалар өнімділікті арттырып қана қоймай, ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсер етеді.
Жалпы алғанда, Қандысу су қоймасын қайта қалпына келтіру және тозған каналдарды кезең-кезеңімен жөндеу арқылы суармалы егістік көлемін едәуір арттыру көзделіп отыр. Бұл ауданның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің түсімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Су инфрақұрылымын жақсарту арқылы су ресурстары тиімді әрі үнемді пайдаланылып, шаруалардың еңбегі өнімді болмақ. Бұл – аудан экономикасын алға жылжытатын маңызды қадамдардың бірі.