KZ
Өскемен
-14°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, В
509.94 593.88 6.43

Су қоймалары жаңғырады: Самардағы тоғандар егіншілікке қайта жан бітірмек

31.07.2025, 16:20 273 Айдос Мырзахметов

Шығыс Қазақстандағы ауыл шаруашылығына қолайлы өңірлердің бірі – Самар ауданы. Жері құнарлы, климаты жұмсақ бұл аймақ дәстүрлі түрде дәнді, мал азығы және бау-бақша дақылдарын өсірумен айналысады. Алайда соңғы жылдары жауын-шашын мөлшерінің азаюы мен су көздерінің тартылуы аграрлық секторды қиын жағдайда қалдырып отыр. Осы орайда өңірде ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту үшін су инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аудан аумағындағы Лайлы, Қамысты, Карповка және Ешкібай тоғандары кезінде ауыл шаруашылығын суландырудың басты көзі болған. Жергілікті шаруашылықтар бұл тоғандар арқылы жүздеген гектар егіс алқаптарын суарып келген. Алайда уақыт өте келе нысандар тозып, толыққанды жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылған.

– Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасына сәйкес, Самар ауданындағы төрт ірі тоғанды жаңғырту жобасы басталды. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталған жағдайда, суармалы жер көлемін бірнеше есеге ұлғайтуға мүмкіндік туады, – деді аудан әкімі Серік Жеңісов.

Мәселен, қазіргі таңда Ешкібай тоғанының техникалық мүмкіндіктері шектеулі болғандықтан, тек 500 гектар алқапты ғана қамти алады. Ал күрделі жөндеуден кейін бұл көрсеткіш 1300 гектарға дейін ұлғаймақ. Бұл – аграрлық өнім көлемін арттырып, жергілікті шаруалардың кірісін көбейтуге нақты негіз.

– Су ресурстарын тиімді басқару – өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты тетігі. Егер жоспарланған жұмыстар уақтылы жүзеге асса, Самар ауданының ауыл шаруашылығындағы өндірістік қуаты жаңа деңгейге көтеріледі, – дейді аудан басшысы.

Айта кетейік, бұл бастама “Жер аманаты” және “Ауыл аманаты” сынды мемлекеттік бағдарламалардың басым бағыттарымен де үндесіп отыр. Су инфрақұрылымын жаңғырту арқылы тек аграрлық сектор ғана емес, ауылдық жерлердегі еңбек өнімділігі мен кәсіпкерліктің де дамуына серпін берілмек.

Фото: Руслан Акматалиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу