Мерзімді әскери қызмет: шақыру тәртібі мен талаптары
Елімізде әскерге шақыру ең алдымен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығынан басталады. Артынша, облыс әкімінің «Жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды өткізуді ұйымдастыру туралы» қаулысы, әрбір жергілікті аудан, қала әкімдерінің де қаулысы шығарылады. Қорғаныс істері жөніндегі басқармаларының біріккен бөлімдері жергілікті тіркеуде тұрған азаматтарды зерделеу жұмыстарын бастап, әскерге шақырылғандар аудандық, қалалық медициналық комиссиясынан өтеді. Комиссиядан өткендер облыстық жинақтау пунктіне келіп, медициналық, психиологиялық тексерістен өтеді. Әскери бөлімнен келген өкілмен сұхбаттасу жүргізіледі. Тәртіпке сай барлық кезеңнен өткен соң азамат әскери команда құрамына енеді. Кетер күні ата аналарымен, туған туыстарымен қоштасу ұйымдастырылады. Бұл жалпы тәртіп. Ал әскери өмірдің түрлі жағдайлары туралы сұрақтарымызға ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті мерзімді әскери қызметке шақыру және әскерден тыс жұмыстары басқармасының мерзімді әскери қызметке шықыру бөлімінің бастығы, майор Смағұлов Роллан Ерғалиұлы жауап берген еді.
– Күзгі әскерге шақыру жұмыстары қашан басталады?
– 1 қыркүйек күні басталып 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Жоспар бойынша облыста күзде 800-ден астам сарбаз әскер қатарына шақырылады.
Қазіргі таңда әскерге ынталы азаматтар да, тәртіпке негізделген ортадан жалтаратындар саны да аз емес.
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 30-бабына сәйкес әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергілікті әскери басқару органдарының шақыру қағазы бойынша әскерге шақыру комиссиясына келуге міндетті.
Жергілікті әскери басқару органдары әскерге шақырылушылардың медициналық комиссияға келуін бақылауды жүзеге асырады. Келмегендердің тізімі, оларды іздестіру және жеткізу үшін ішкі істер органдарына беріледі. Бүгінде шамамен 2500-ден астам әскерге шақырылушы іздестірілуде. Бұл ретте, әскери қызмет өткеруден әдейі жалтарып жүрген азаматтар жоқ екенін айта кеткім келеді. Алайда, жергілікті әскери басқару органдары қызметкерлері мынадай жағдайға жиі тап болады:
1) Әскерге шақырылушылар мен олардың ата-аналары заңнама талаптарын елемейді;
2) Кейбір жеке кәсіпкерлік ұйымдары (сауда, құрылыс саласында және тағы да басқа) жұмыс істеп жүрген әскерге шақыру жасындағы азаматтарды жасырады;
3) әскерге шақырылушылар тұрғылықты мекенжайын ауыстырса да, әскери есептен шықпайды.
Міне, осы жағдайлар әскерге шақыру комиссиясына келмеуіне әкеп соғады.
– Әскерден босатылу жағдайлары қандай?
– Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған, жиырма жеті жасқа толған, заңды негіздер бойынша мерзімді әскери қызметке шақырылмаған, туыстарының бірі (әкесі, анасы, аға-інілері немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан, қайтыс болған немесе бірінші, екінші топтағы мүгедек болып қалған, басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген, ҚР арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер, ғылыми дәрежесі бар азаматтар, тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады.
Сондай-ақ, соттылығы бар азаматтар бейбіт уақытта әскери қызметке шақырылуға жатпайды.
– Қандай жағдайда шақыруды кейінге қалдыруға болады?
– Бұл жағдай әскерге шақыру комиссиясының шешімімен реттеледі. Айта кеткен жөн, бұл ретте комиссия төрағасы жергілікті әкімнің орынбасары болып табылады.
Әскерге шақыруды кейінге қалдыру отбасы жағдайы бойынша, білімін жалғастыру үшін, денсаулығы бойынша, кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтерге, ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс істейтін дәрігерлерге, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе жергілікті өкілді органдардың депутаттарына, қылмыстық істері қаралып жатқан адамдарға, азаматтық әуе және су кемелері экипажының мүшелеріне, азаматтық авиация инженерлеріне, механиктеріне және техниктеріне, құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіптік даярлықтан өтіп жатқан адамдарға беріледі.
– Әскердегі заңсыз әрекеттер жайлы не айта аласыз?
– Иә, өкінішке орай, ондай жағдайлар әскери қызметшілер арасында орын алуда. Оқиғалар бойынша тергеп-тексерулер жүргізіліп, тиісті шаралар қолданылады.
Әскери бөлімдерде әскери тәртіптің сақталуы – басты назарда. Гарнизондарда оны бақылауды жүзеге асыратын әскери полиция органдары жұмыс істейді.
Лауазымды адамдар бағынысты жеке құрам арасындағы әскери тәртіпке дербес жауап береді.
– Қазіргі таңда мерзімді әскери қызметте қаншалықты қауіпсіз?
– Меніңше, Қазақстан армиясында қазір бұрынғыға, мысалы, кеңестік кезеңмен салыстырғанда әлдеқайда қауіпсіз. Ол кезде жас сарбаз туған жерінен мыңдаған шақырым жерге немесе тіпті соғыс жүріп жатқан аймақтарға жіберілуі мүмкін еді және ешкім одан «қызмет еткісі келе ме, жоқ па» деп сұрамайтын.
Бүгінгі жас жігіттер тек Қазақстан аумағында қызмет етеді – бұл қауіпсіздік тұрғысынан алғанда үлкен артықшылық.
Сонымен қатар, әскери полицияның Бас басқармасы жанындағы Әскери қызмет қауіпсіздігін және еңбек қорғауды қамтамасыз ету басқармасы қауіпсіздік мәселелері бойынша жағдайды үнемі талдап, оны жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді.
Қарулы Күштердегі әскери қызмет қауіпсіздігіне төнетін негізгі қауіп-қатерлерді азайтуға арналған арнайы карта жасалған.
Қауіп-қатерлер болуы мүмкін барлық әскери қызмет салалары бақылауға алынады. Олардың қатарына қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау, жанар-жағармай материалдары мен улы техникалық сұйықтықтар, тамақтануды ұйымдастыру, парашютпен секіру іс-шаралары кіреді.
Тіпті апатты жағдайдағы ғимараттар, ашық тұрған кәріз құдықтары мен электр сымдарының жарамдылығы сияқты қауіптерді жою мәселелері де қарастырылады.
Сонымен бірге, әскери қызмет – қауіп-қатермен байланысты іс екенін ұмытпауымыз керек. Себебі, ешбір мемлекеттік немесе күштік құрылымда Қарулы Күштердегідей қару-жарақ, техника мен оқ-дәрі жоқ. Оның үстіне, бұл қару-жарақ пен техника үнемі қолданыста болады.
Мысалы, біз жеңіл автокөліктің қауіпті екенін білеміз. Ал жауынгерлік техника немесе артиллериялық қару туралы не айтуға болады?! Сондықтан бұған аса мұқият және сақтықпен қарау қажет.
Осыған байланысты Қарулы Күштердің басшылығы әскери қызметтің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін барлық кешенді шараларды қабылдап отыр.
– Әскердегі әлімжеттік жайлы не айтасыз?
– Қарулы Күштерде «дедовщина» деген ұғым жоқ. Біріншіден, сарбаздар бар болғаны бір жыл қызмет етеді, бұл мерзімде әскери қызметшілер арасында қатты айырмашылыққа негізделген жүйе қалыптасып үлгермейді.
Екіншіден, барлық офицерлердің күш-жігері тәртіптің сақталуына бағытталған. Гарнизондарда құқықтық тәртіптің сақталуын бақылайтын әскери полиция органдары жұмыс істейді.
Иә, әскери қызметшілер арасында жарғыға сай келмейтін қатынастар, кейбір жанжалды жағдайлар кездесіп тұрғанымен, олар эмоциялық негізде туындайды. Кеңестік кезеңде және армиямыз қалыптасу кезеңіндегідей «дедовщина» жоқ.
– Жас азаматтарды әскерге күштеп алып кету заңды ма?
– Полиция қызметкерлері шақыру бойынша келмеген жастарды іздеу жұмысын жүргізеді. Бұл – олардың міндеті. Көп жағдайда жастар шақыру қағазын алса да медициналық комиссиядан өтуге келмейді. Әскери қызметтен жалтару әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа тартуды көздейтінін атап өту қажет.
– Шет елдердегі секілді баламалы қызмет бізде қарастырылған ба?
– Қазақстанда баламалы әскери қызмет көзделмеген. Алайда, денсаулығына байланысты шектеулері бар азаматтар үшін Қорғаныс министрлігінің «Әскери-техникалық мектеп» филиалдарында әскери есептік мамандық алуға мүмкіндік қарастырылған.
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға сәйкес, 24 пен 27 жас аралығындағы азаматтар Қорғаныс министрлігінің «Әскери-техникалық мектептері» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының филиалдарында ақылы негізде әскери дайындықтан өте алады. Бұл – мерзімді әскери қызметтен өтпеген жастарға базалық әскери білім алуға мүмкіндік береді.
Оқу мерзімі – 40 тәулік. Құны – 305 мың теңге. Бұл сомаға үш мезгіл ыстық тамақ, әскери киім, оқу процесіне кететін шығындар (оқу-жаттығу атуы, жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету) және казармада тұру ақысы кіреді.
Әскери-техникалық мектептің түлектері мерзімді әскери қызметке шақырылмайды.
Сонымен қатар, бұл бағдарламаға әскери билеті бар, бірақ бұрын әскери дайындықтан өтпеген әскери міндетті азаматтар да қатыса алады
– Әскерден бас тартатын азаматтармен қандай жұмыстар жүргізіледі?
– Шақырылушылар мен олардың ата-аналарының назарына мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін жеткізгім келеді.
2012 жылғы 16 ақпандағы №561 Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің №620 қаулысымен бекітілген шақыруды ұйымдастыру және өткізу қағидаларына сәйкес, шақырылушының аудандық, қалалық шақыру комиссиясына дәлелді себепсіз келмеу фактілері, сондай-ақ азаматқа шақыру қағазын жеке тапсырмаудың мүмкін болмаған жағдайлары туралы қорғаныс істері жөніндегі басқармалар (бөлімдер) Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына олардың орналасқан жерін анықтау үшін хабарлайды.
Шақырудан әдейі жалтарған, сондай-ақ басқа азаматтардың уақтылы келуіне кедергі жасаған адамдарға қатысты материалдар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органдарға жолданады.
– Шақырылушылар үшін жеңілдіктер мен артықшылықтар қарастырылған ба?
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әскери қызметтің тартымдылығын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, ҚР Қорғаныс министрлігі мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп, мерзімді әскери қызметке шақырылған немесе оны өткеріп жатқан азаматтарға банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру тетігін әзірледі. Бұл механизм «кредиттік каникулдар» деп аталады. Кредиттік каникулдар – бұл мерзімді әскери қызметтегі азаматтар үшін несие төлеуден уақытша босатылатын кезең.
Сонымен қатар, «Срочник 2.0» жобасы іске қосылып, табысты жүзеге асырылуда. 2022 жылы ҚР Қорғаныс министрлігі еліміздің 80-нен астам жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарымен келісімдерге қол қойды. Бұл келісімдер бойынша мерзімді әскери қызметін өткерген азаматтарға университет есебінен тегін білім алу мүмкіндігі ұсынылады. Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде арнайы іріктеу регламентін әзірледі. Соған сәйкес, әскери қызметін толық өтеген, жауынгерлік дайындық пен әскери тәртіпте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген сарбаздар оқу орнында тегін білім алуға ұсынылады. Азамат бұл құқығын әскери қызметін аяқтағаннан кейін екі жыл ішінде пайдалана алады. Университетке түсу – емтихан тапсырмай жүзеге асырылады.


