KZ
Өскемен
-4°
снег жел 5 м/с, З
514.74 599.36 6.71

ШҚО-да жер учаскелері конкурстар мен аукциондар арқылы беріліп жатыр

19.09.2025, 11:30 173 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстан облысында 2025 жылы коммерциялық мақсаттағы жер учаскелерін сату бойынша 60 аукцион өткізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жалпы ауданы 46 гектар болатын 73 учаске 600,2 млн теңгеге сатылған. Бұл туралы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис әкімдіктің отырысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін агроқұрылымдарға 26,3 мың гектарды құрайтын 144 учаске 22 конкурс арқылы берілген. Конкурс пен аукцион тек Марқакөл, Тарбағатай және Самар аудандарында өткізілмеген.
Жер қойнауын пайдалануға қатысты әкімдік 174,87 гектарды қамтитын 14 учаскеге құқық беру жөнінде 11 қаулы қабылдап, 14 жалдау шартын жасаған.

Биыл облыста жер комиссиясының 4 отырысы өткізіліп, 16 материал қаралған. Оның 15-і бойынша оң шешім қабылданды. Басқарма тарапынан жер учаскелеріне құқық алу, жалға беру мерзімін ұзарту және жерге орналастыру жобаларын бекіту бойынша 29 мемлекеттік қызмет көрсетілген.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өзінің сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында қызметтерді цифрлық форматта ұсыну қажеттілігі айтылғанын және конкурстарды электронды форматқа көшірудің маңыздылығын атап өтті. Ал Надежда Михейлис бұл бағытта облыста атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісіп, сондай-ақ осы мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігімен өзара әрекеттестік туралы айтты.

Алдағы уақытта да жер ресурстарын бизнес пен фермерлер үшін неғұрлым ашық әрі қолжетімді ету мақсатында ашық аукциондар мен конкурстар тәжірибесі жалғасып, процестерді цифрландыру кеңейтілетін болады.

Дамир Омаров

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу