Нұрымбет Сақтағанов: «Инвестиция алдымен сенімге негізделеді»
Шығыс Қазақстан облысында халықаралық «Altay Invest-2025» инвестициялық форумы аяқталды. Бұл аймақтың болашақ дамуы жайлы айтылған ең үлкен алаң болды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Форум аясында 50-ден аса компания өнімдері мен жобаларын ұсынды. Көрмеде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика және туризм салалары қамтылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – Шығыс Қазақстанның әлеуетін көрсету және халықаралық әріптестікке ашық екенін дәлелдеу.
Форум қорытындысында 40-тан астам меморандум мен келісімшартқа қол қойылды. Жалпы құны – 740 миллиард теңге. Құжаттарға ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов, аудан-қала әкімдері, сондай-ақ отандық және шетелдік компания өкілдері қол қойды.
Серіктестік бағыттары: энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, туризм, өнеркәсіп пен қалдықтарды қайта өңдеу.
Пленарлық отырыстарда облысты 2030 жылға дейін дамыту стратегиясы қаралды. Инвестиция тарту, шикізатты терең өңдеу, өнеркәсіпті дамытудың жолдары сөз болды. Сессияда жаңа инвесторларды тарту және ұзақмерзімді жоспарлау мәселесі көтерілді.
Форум барысында өңірдің дамуына үлес қосқан инвесторлар мен кәсіпорындар марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай табыстар ШҚО-ның халықаралық деңгейдегі беделін арттыра түсетінін атап өтті.
Қол қойылған келісімдер енді нақты жобаларға айналады. Бұл жаңа өндірістердің ашылуына, жұмыс орындарының көбеюіне және өңірдің инвесторлар үшін сенімді серіктес екендігін дәлелдеуге жол ашады.
«Altay Invest-2025» форумы аймақ дамуының жаңа кезеңін айқындады. Шығыс Қазақстан жаңа жобалар арқылы өсу нүктелерін қалыптастырып, инвестицияны нақты іске айналдыра алатынын көрсетті.
Дамир Омаров
Фото: Махаббат Ахметжанова














