Жәния Әубәкірова, әйгілі пианист: - Өнерімді өзімнің еліме ғана арнағым келді
Өскеменге Жәния Әубәкірова келді. Иә, дәл өзі. Нью-Йорктегі Карнеги-холл, Вашингтондағы Кенедди-орталық, Берлиндегі Концерт-хаус секілді әлемдік сахналарда өнер көрсетіп жүрген әйгілі пианист, Қазақстанның халық әртісі.
Өскеменге келген сапарында әйгілі пианист бірқатар оқу орындарында студенттермен кездесіп, өзінің жаңадан шыққан «Вариации на темы» кітабын таныстырды.
-Жәния Яхияқызы, «Вариации на темы» атты кітабыңыз жарық көріпті. Құтты болсын! Жалпы, бұл сіздің нешінші кітабыңыз?
-Негізі бұл кітаптың жарық көргеніне алты ай болды. Нұр-Сұлтан қаласында тұсауы кесілді. Өңірдегі оқырмандарыма таныстыруға енді ғана мүмкіндік туып жатыр. Жалпы, бұл кітап тек музыка туралы ғана емес, мұнда қамтылған тақырыптар көп. Есімде қалған ерекше оқиғалар мен шығармашылық адамдары, жанымды тебіренткен толғаныстарым – бәрі осы кітапта жазылған. Жалпы, мен музыка мен өмір егіз ұғым деп санаймын. Өмірімдегі жарқын сәттерді, болмысымды мен музыка арқылы таныдым. Музыка – менің шабытымның қайнар көзі. Рет саны бойынша бұл менің бесінші кітабым.
-Жазуды жақсы көресіз бе?
-Иә, менің жазуды серік еткеніме көп болды. Ұшақ күтіп, әуежайда отырғанда да, үйде қолым қалт ете қалса да жазу жазамын. Кейде біреулер өзі жазбайды, біреу жазып береді деп те ойлап қалады.
-Әкеңіз туралы жазған кітабыңыздың да бар екенін білемін.
-Әкем 2008 жылдың 23-ші шілдесінде өмірден өтті. Сол күні әкем КазГУ-да өтетін бір халықаралық конференцияда баяндама жасауы керек болатын. Әкем қайтыс болғаннан кейін жарты жылдан соң, кітап жазуды ойладым. Бірақ қалай жазамын? Негізінде әкем өзінің өмірі, көрген қиындығы жайында ашылып көп айта бермейтін еді. Мен дерек көздерін іздестіре бастадым. Атам Әубәкір репрессияға ұшырап, 1937 жылы атылып кеткен екен. Сондай сұңғыла адам ғой, бүгін-ертең өзін ұстайтынын сезсе керек, туыстарын, отбасын қауіпсіз жерге көшіріп жіберіпті. Әжем 11 жастағы әкем Яхияны және кішкентай екі қызын ертіп, туған жерді тастап, тентіреп, Омбыда тұратын туыстарды паналаған екен. Орысша бір ауыз сөз білмейтін әкем Яхия орыс мектебіне барады. Соғыстан кейін Омбы педагогикалық институтын тәмамдаған әкем туған жерге оралып, мұғалім болуды қалайды. Бірақ Қарағанды өңіріне бару қауіпті еді. Ол жердегілер «халық жауының» баласы екенін біліп қойса қайтеді? Сөйтіп, Алматыға келеді. 1949 жылы КазГУ-де экономика факультеті ашылады. Әкем осы факультеттің тұңғыш аспиранты атанады. Ол кісі Қазақстандағы экономикалық мектептің негізін салушылардың бірі болды. Жалпы, әкем туралы «Әке туралы сөз – Слово об отце» атты кітабымды мен бар жан-тәніммен беріле жаздым. Бұл менің әке алдындағы борышымдай көрінді.
-Сіздің музыкант болуыңызға әкеңіздің әсері көп болды ма?
– Отбасымда болсын, айналамда болсын музыкант болған ешкім жоқ. Жаңа айттым, әкем экономист, ғалым, педагог болса, анам – филолог, лингвист, араб тілінің маманы болды. Бірақ анам араб тілінің маманы болса да, музыканы керемет жақсы көретін еді. Сондықтан да болар осынау ғажайып музыка әлеміне балаларының да терең бойлағанын қалады. Бізді сол кездегі Алматыдағы ең үздік К.Байсейітова атындағы музыка мектебіне берді. Осы арқылы білімге, мәдениетке, өнерге деген биік талғамымызды қалыптастыруды мақсат тұтқаны анық. Қазір менің балаларым да өзге мамандық иелері болғанымен, анам секілді мен де олардың музыка әлемінен қалыс қалмағанын қалаймын. Мүмкін болашақта немерелерім өзімнің жолымды қуа ма деп үміттенемін.
-Кеңес одағы тараған кезде еліміздегі көптеген адамның өнерді тастап, өзге салаға кеткенін білеміз. Ал сізге Қазақстаннан кетіп қалуға мүмкіндік болды ма?
-Одақ тарағаннан кейін, шынында да, өнер адамдары ауыр кезеңді бастан өткерді. Мәдениеттің, өнердің бағасы түсіп, құнсызданып кеткен уақыт еді ғой ол. Алға қарауға, болашағыңды болжауға қорқатынсың. Бірақ мен сол кездің өзінде елден кетіп қалу туралы мүлдем ойламаппын. Тіпті өнерден кетіп, басқа салаға ауысу да миыма кіріп-шықпаған екен. Өмірімді, өнерімді өзімнің еліме ғана арнағым келді. Бәлкім, бұлай ойлауыма себеп – менің дәстүрлі қазақ отбасында туып-өскендігім болар. Бір жағынан отбасын құрып, балаларды өмірге әкелуім осы кезбен тұспа-тұс келді. Солардың қуанышы қиындыққа, дағдарысқа қарсы тұруыма себеп болған да шығар.
-Бір басыңызға жетерлік атағыңыз да, даңқыңыз да бар. Дегенмен сол атақ-даңққа қалай жеттіңіз?
-Шынымды айтсам, ешқашан атақ, даңқ қуған емеспін. Кейде өзімнің әріптестерімнің қандай да бір марапатқа қол жеткізе алмай күйзелгенін көргенде ойланып қаламын. Әрине, жас кезімізде халықаралық байқауларда жеңіске жетуге, жүлделі орын алуға ұмтылдық қой. Күн-түн демей үздіксіз дайындалып, күрделі бағдарламаларды меңгеріп, тыным таппайтын едік. Рояльде шебер ойнау – арманым еді. Аспаптың табиғатын тану үшін күш-қуатымды да, уақытымды да аямайтынмын. Әрі бұл мен оқыған Мәскеу консерваториясының білім беру үрдісінің бір талабы болды. Кейін осынау тынымсыз еңбек өз жемісін бере бастады. 1983 жылы Парижде өткен М.Лонг және Ж.Тибо атындағы халықаралық пианистер байқауында сәтті өнер көрсетіп, жеңіске жеттім. Содан кейін көп ұзамай тағы да Парижде өткен камералық ансамбльдер халықаралық байқауында үздік шықтым. Осыдан кейін менің өнеріме табынатындардың қатары көбейе бастады. Гастрольдерге шығып, әлемнің үлкен сахналарында өнер көрсете бастадым. Өз елімнің наградаларынан басқа менде Франция Үкіметінің, Польшаның Президентінің де қолынан алған орден-медальдар бар. Ресейдікі де бар. Оңтүстік Кореядағы Кемен университетінің де «құрметті профессорымын». Әрине, қандай да бір марапатқа ие болу көңіліңді жадыратады, жаныңа жылылық сыйлайды. Бірақ ол үшін еңбектену керек. Түсінгенім, өз ісіңнің шебері болсаң, атақтың, даңқтың өзі есігіңді қағады екен.
-Әйгілі пианист концерт берер кезде қобалжи ма, әлде…
-Әрине, тыңдарманның алдында концерт беру – үлкен сынақ. Тіпті концертке әзірлену дегеннің өзі мен үшін үлкен интеллектуалды процесс. Жалпы, кез келген музыкант сахнаға шыққанда шығарманы алғаш орындап тұрғандай күйді бастан кешуі керек деп ойлаймын. Күйсандықтан шыққан сиқырлы әуенді алғаш естіп тұрған баладай қуануға тиіссің. Ғаламат дыбыс ағындарын, музыкалық тербелісті қажетті арнаға бағыттау үшін ерекше күйді бастан өткеруге дайын болуың қажет. Менің әріптестерім, достарым көбіне «сен сахнаға шыққанда, мүлдем басқа адамсың» дегенді жиі айтады. Жалпы, концертке келетін көрермендердің деңгейі де әртүрлі ғой. Біреулер көңіл көтеру үшін келсе, біреулер жәй ғана демалу үшін келеді. Десе де отыз жылдық шығармашылық жолымда менің көрермендерім ойлы музыканы жақсы көретінін байқадым. Өзім де орындаған туындым тыңдарманға түсінікті болуы үшін, жақсы қабылдауы үшін концерттерімде оның тарихы туралы қысқаша баяндап беруге тырысамын. Бұл әдіс мені тыңдарманға жақындата түседі, олардың жүрек дүрсілін тереңірек сезінуге жол ашады. Менің классикалық шығармалар тек жоғары деңгейде орындалуы тиіс деген ұстанымым бар. Әрқашан осынау үдеден шығуға тырысамын.
-Саусақтарыңызды күтесіз бе?
-Әрине. Қолмен істелетін ауыр жұмыстарды көп істемеуге тырысамын. Сосын саусақтардың икемділігін арттыру үшін аспапта көп ойнау керек.
-Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
-Бос уақытым бола қалса, отбасыммен өткізгенді қалаймын. Табиғат аясына көп шығамыз, мәдени орындарға көп барамыз. Әлі есімде бір жолы Павлодардан Астанаға машинамен бардық. Сол кезде даланың сұлулығын жаныммен сезіндім. Көкірегіңді ашар ауасы қандай ғажап! Жалпы, дала дегеніңіз – тазалық қой. Кейде біз осынау сұлулығымызды, барымызды бағалай алмай жатамыз.
-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали