Ескі шахтадан 36 жыл бұрынғы "Дидар" газеті табылды
Үңгіртанушы спелеологтар мен журналистер Ұлан ауданы, Ақтау кентінде иен қалған шахтаның төменгі қабатынан «Коммунизм туы» (қазіргі Didar) газетінің 1985 жылы 15 қазанда шыққын нөмірін тауып, суретке түсіріп алған. Фотоны «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Мерей Қайнарұлы біздің редакцияға жолдады.
– Ақтау кентіндегі шахта 1950 жылдан 1993 жылға дейін қызу жұмыс істеп тұрған. Кеншілер арсыл-гүрсіл жұмыстан демалған уақытта газет оқып, аймақтағы жаңалықтарды қадағалап отырған тәрізді. Газеттің бірінші бетінің жұрнағы сақталыпты. Баспадан шыққан күні және Екінші дүниежүзілік соғыс туралы мақаланың тақырыбы жартылай көрінеді. Ойланып қарасақ, 1985 жылы жеңістің 40 жылдығы тойланып жатты емес пе. Бұл да болса көненің көзі, – дейді сапардың жолбасшысы Николай Петров.
Шахтаға спелеолог Николай Петров пен Дмитрий Худяков, журналист Мерей Қайнарұлы және фотограф Евгений Домашев бір ай бұрын түскен. Саяхатшылардың айтуынша, иен қалған үңгірде индустриалды туризмді дамытуға әбден болады. Бұл – әлемде бар үрдіс.