Заманауи шахтерге боқауыз сөздің қажеті жоқ
Қазір ол жерасты кенішінің директоры және әр учаскені және өз шахтасының жұмысшыларының есімдерін біледі. Ал 15 жыл бұрын ол шахтаға өндіріске қатысы жоқ отбасынан шыққан учаскелік геолог болып келген. Бұл «Шығыстүстімет» ЖШС Ертіс кенішінің директоры Қуаныш Рахимовпен сұхбат.
- Бір кездері сіз Ертіс шахтасына алғаш рет келген едіңіз. Алғашқы сезімдеріңіз есіңізде ме?
- Мен мұнда алғаш рет 2006 жылы келдім. Қазіргідей есімде - кадрларды даярлау бөлімінің кабинеті, көптеген теориялық білім. Бірақ қағаз жүзінде білу - бұл бір нәрсе, іс жүзіндегі дүние – мүлдем басқа. Міне, менің шахтаға алғаш рет түсіп келем, құлағымның қысымнан бітеліп қалғаны есімде. Қорқыныш болған жоқ, өйткені мұнда қандай қауіптер болуы мүмкін екенін елестете алмадым. Уақыт өте келе, адамдардың жарақат алғанын көргенде, шахтаның қателіктерді кешірмейтінін түсіндім.
- Бірақ Сіз шахтаға қалай келдіңіз? Сіздің ата-анаңыз тау-кен өндірісімен байланысты емес еді. Сіз өзіңіз ауыл шаруашылығы дамыған аймақтан келесіз.
- 2006 жылы мен жол-құрылыс институтының 4-курсында едім. Геологиялық барлауды зерттедім. Ол кезде күзетші, көлік жөндейтін слесарь болу немесе ұзақ уақыт оқыған мамандыққа тікелей сияқты таңдау болды. Мамандыққа деген қызығушылығым жеңді. Иә, менің ата-анам мүлдем басқа салаларда жұмыс істейді - әкем көлік жүргізушісі, анам - медбике. Сондықтан, біздің отбасымызда мен тау-кен кәсібінің пионерімін. Ата-анам бұл мамандық пен жағдайдың қандай екенін түсінбегендіктен мені бірден қолдады. Ұлы студент кезінен жұмыс істеуге кіріскені олар үшін қуаныш еді – ұлдары саналы түрде қозғала бастағаны өте жақсы ғой.
Жалпы, осы жерде жұмыс істей жүріп, Ертіс кеніші туралы дипломдық жұмыс жаза бастадым. Сондықтан бұл жерде жұмыс істеу қиын болмады, себебі, жұмысым менің оқуыммен тікелей байланысты еді.
2007 жылы қыркүйек айында диплом алып, оны кадр бөліміне алып келдім. Ал қазан айында мені әскерге шақырды. Бір жыл қызмет еткеннен кейін және 2 ай «демалыстан» кейін мен тағы да шахтаға келдім. Ертіс кенішінің директоры Жүрсінбаев Қайролла Жұманғалиұлымен болған әңгіме есімде: «Жарайсың, Қуаныш әскери қызмет еттің. Өзіңнің болашағыңды қандай қылып елестетесің? Тағы да геолог боласың ба?» деді. Мен оған геологияға бармаймын, басшылық еткім келеді дедім. Мені бекіту жөніндегі тау-кен шебері етіп жұмысқа қабылдады. Солай...
- Сіздің өмірбаяныңызға сүйенсек, барлық учаскелерде жұмыс істепсіз. Барлық негізгі жерасты кәсіптерін игеріп үлгердіңіз бе?
- Бекіту учаскелерінде жұмыс істедім, содан кейін ШІТ учаскесінде, содан кейін мені өндіріс учаскелеріне ауыстырды - №2 учаскеде бастықтың орынбасары, содан кейін учаске бастығы болдым. Содан кейін бірінші учаскеге ауыстырды. 2009 жылы мені бас инженер етіп тағайындады. 2009 жылдан бастап басшылық лауазымдарда жұмыс істедім. Бірақ мансапта өрлеу де, төмендеу де болады. 2014 жылы біздің шахтада жазатайым оқиға орын алып, мені жұмыстан шығару керек еді. Сонда бүкіл командам мені құтқарды деп айтуға болады. Қызметкерлер мен жұмыста қалдыруды өтінді. Мен үшін бұл сабақ болды - ұжымның үмітін ақтау керек. Бүгін мен кез-келген апаттың алдын алуға болатындығын түсінемін. Сондықтан да біз қауіпсіздік техникасына баса назар аударып, жаңа стандарттарды, ережелер мен талаптарды енгізудеміз. Жазатайым оқиғалардың алдын алу керек. Сонда ешкім ешкімді өтініп сұрап, жұмыста қалдырмайды.
- Басшының шахтадағы басқа мамандықтарды білуі қаншалықты маңызды?
- Бұл өте маңызды. Басшы барлық тау-кен кәсіптерін түсінуі керек. Әр учаскенің өз құрылымы, өзіндік тәуекелдері, тау-кен жұмыстарының бағыттары бар. Басынан аяғына дейін бүкіл жұмыс процесін түсіну өте маңызды. Міндеттерді тиімді жүктеу үшін сен басшылық құрамға сенімді болуың керек. Әр бөлім бастығы жұмысты толығымен игеруі керек, содан кейін адамдардан сұрауға болады.
- Сіз жас басшысыз. Жерастында сізден ұзақ жұмыс істейтін және жасы да үлкен адамдармен жұмыс істеу қиын емес пе?
- Ең басында, учаскелік геолог болып келгенде, қиын болды. Жасы үлкен бригадирлерге, звеношыларға, үңгушілерге жас маман келіп, мысалы, «кенжарды тазала» дейді. Алдымен оларға нұсқаулар беру қиын болды, бірақ содан кейін ғана оларға, олардың қауіпсіздігіне жауапты екеніңді түсінесің, қателік болған жағдайда ешкім жұмыс тәжірибеңе де, жасыңа да қарамайды. Міндет деген бар, егер бір жерде ауытқулар болса, онда сол қызметкер жауап беруі керек. Заң алдында барлығы бірдей.
- Сіздің ойыңызша, кез-келген оқиғаның, апаттың алдын алуға бола ма?
- «Тәжірибе» деген бар. Бір төтенше оқиға болады, оқиғаның себептерін іздей бастаймыз, талдаймыз. Көптеген жазатайым оқиғалар болды. Дәлірек айтсақ, шахтада жақсысы да, жаманы да болады. Өкінішке орай, көптеген шахтерлер жарақат алады, біреулерден айырылып та қалдық. Біздің басты міндетіміз – сол қателіктерді қайталамау. Алдын алу керек. Егер бір уақытта қауіпсіздік ережелері сақталса, жабдықтау тарапынан жабдықтар мен ЖҚҚ дұрыс таңдалса, егер біз басқа шешімдерді қабылдасақ, жазатайым оқиғалардың алдын алуға болар еді. Өкінішке орай, қайғылы тәжірибе жүзінде мұндайды болдырмау үшін қалай әрекет ету керектігін түсінесің. Бөлім басшыларына мен әрқашан «алдыңғы қателіктерден сабақ алыңдар, өз қателіктеріңнен аулақ болыңдар» деп айтамын.
- Өкінішке орай, шахтада жазатайым оқиғалар, оның ішінде адам өлімі де болады. Басшы ретінде қаза болған адамның туыстарына суыт хабар жеткізу оңай емес шығар?
- Бұл өте ауыр. Өзі ауысымға, жұмысқа кеткен сияқты, бәрі жақсы сияқты. Бірақ үйге өзі емес, басшысы келеді, суыт хабар жеткізеді. Мұндайды бастан кешірмеген дұрыс. Барлық қызметкерлеріміз аман-есен болсыншы. Біздің басшы ретіндегі міндетіміз - қызметкерлеріміз ауысымнан кейін әрдайым үйлеріне аман-есен қайтуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау.
- Шахтадағы жұмыс процесі неден басталады?
- Кез-келген процесс жүктеме-тапсырмадан басталады. Қызметкер келіп, кеңсеге барады, өз ұжымымен, басшылығымен амандасады. Онда олар бүгінгі тапсырмаларды талқылайды, оларға учаскедегі жағдай туралы айтылады. Әрине, қауіпсіздік техникасына арналған бес минуттық мәжіліс бар. Содан кейін біздің қызметкер киім ауыстырады, медициналық тексеруден өтеді, шам, өзін-өзі құтқару құралын және басқа да ЖҚҚ алады да, ұжыммен бірге шахтаға барады. Онда әр учаскеде жұмыс процесі жүріп жатыр. Айтпақшы, жерастында өздерінің «кабинеттері» бар, оларды шайхана деп те атайды. Онда кеншілер шай ішіп, жұмысты талқылай алады.
Жалпы, тау-кен циклы бұрғылау жұмыстарынан басталады, содан кейін қауіпсіздендіру, сумен бүрку, жөнелту болады.
- Жарылыс деген?
- Алдымен шпурлар бұрғыланады, онда снаряд салынып, жарылыс ұйымдастырылады – оны «отпалка» деп те атайды. Қауіпсіздендіру - бұл жарылыс аймағын зерттеу шаралар кешені: барлық заряд жарылды ма, бұл учаске кейінгі жұмыстар үшін қауіпсіз бе. Тау-кен қазбаларын бекіту - өте маңызды процесс: жұмысшылардың төбесін бекіту қажет. Содан кейін кенді тиеу және кенжарды тазарту ұйымдастырылады. Кенді вагондарға, кей жерлерде – жүк көліктерге тиейді, содан кейін кен көтеру орнына апарады. Сол жерден кен жер бетіне шығарылады. Бір жерде көлікпен кенді тікелей жер бетіне апарады, әр шахтаның өзіндік ерекшеліктері бар.
- Егер тікелей Ертіс шахтасы туралы айтатын болсақ, мұнда қолмен бұрғылау әдісі қолданылады. Шығыстүстіметтің басқа шахталарында заманауи қондырғылардың көмегімен бұрғылайды. Неге бұлай?
- Бұл кен орынның ерекшелігіне байланысты. Өңдеу схемасы бойынша бізде аз желілі кен – 5 см-ден 2,5 метрге дейін. Өндіріс орындары 80-90 градус бұрышта жүреді. Мұнда техника өте алмайды, қазбалардың қимасына байланысты мұнда механикалық техникаға орын жоқ.
- Жалпы, сіздің ойыңызша, шахтада ең қиын мамандық қандай?
- Үңгушілер. Олар әрқашан өндірістің алдыңғы қатарында. Бүгінгі таңда бізде 14 бригада бар. Олар бізге шикізат береді. Бірақ шахта - бұл үлкен тізбек. Мұнда әркімнің үлесі маңызды. Сондықтан әр адам өз орнында маңызды үлес қосады – шам таратушыдан бастап адамдарды төменге түсіретін операторға дейін, біздің қызметкерден бастап кез-келген мердігерге дейін.
- Ал нағыз шахтер қандай болу керек?
- Менің түсінуімше, бұл ең алдымен батыл адам. Біреулер адамдардың бәрі ақша үшін шахтаға барады деп, бұл оңай деп ойлайды. Бірақ шындыққа тап болғанда, мұндай адамдар тез кетіп қалады. Басқалары қалады, уақыт өте келе нағыз команда құрылады, онда серіктестік, достық, әдептілік дегендер бос сөз емес. Сонымен қатар, бригаданың ішінде ғана емес, бригадалар арасында да солай. Біз үш ауысымда жұмыс істейміз. Мысалы, егер бір звено өз жұмысына немқұрайлы қараса - олар қауіпті тастарды алып тастамаса, бекітпесе, келесі звенолар одан зардап шегуі мүмкін. Сондықтан көп нәрсе басқа әріптестер алдындағы жауапкершілікке байланысты.
- Шахтерлердің зейнетке шығу жасы қандай болуы керек деп ойлайсыз?
- Мен қазіргі зейнетке шығу жасы тым жоғары деп есептеймін. Шахтаға жас адамдар жиі келеді, бірақ 14-15 жыл жұмыс істегеннен кейін олардың көпшілігі кәсіби аурулардың салдарынан басқа жұмыстарға ауысуға мәжбүр. Міне, менімен бірге жұмыс істей бастағандарды алайық, бүгінде олар өндірісте жоқ. Құдайға шүкір, олар тірі, бірақ денсаулығына байланысты бәрі басқа жаққа ауысты. Бірден айтайын, 63 жасқа дейін біздің шахтада бірде-бір үңгуші жұмыс істеп көрмеген.
- Шахтада негізінен ерлер жұмыс істейді. Мұнда боқтаусыз күн өтпейтін шығар? «Егер мәдени сөйлеу күнін жарияласа, өндіріс тоқтап қалады» деген қалжың сөз бар ғой. Сіз боқауыз сөздерге қалай қарайсыз және оларды қаншалықты жиі қолданасыз?
- Қазір уақыт басқа, бәріміз мәдениетті болғымыз келеді. Иә, бұрын боқтаусыз жұмыс болған жоқ, кей жерлерде ол бүгін де көп, өйткені контингент әртүрлі. Бізде боқтық жоқ деп айтпаймын. Бірақ мен әріптестеріме, әсіресе, жас мамандарға қарым-қатынаста субординация сақтап, мәдениеті болу керек екенін үйретемін. Егер бұрын боқтық сөз араластырып сөйлесу болса, қазір басқа уақыт. Көшбасшылар қол астындағы адамдармен мәдени өзара қарым-қатынастың үлгісін көрсетуі керек.
Сұхбаттың толық нұсқасын KAZ Minerals Тобының ресми Youtube-арнасынан көріңіз.