Машинаны тонап қана қоймай, өртеп кету деген не сұмдық - Риддер
Риддер қаласының тұрғыны көліктерді тонап қана қоймай қылмысын жасыру мақсатында машиналарға от қойған, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
29 қаңтар күні сағат 3:30-да полицияға өртеніп кеткен көліктер туралы ақпарат келіп түседі. Жедел-іздестіру іс-шараларына кіріскен полиция қызметкерлері таңғы 5.30 шамасында көше бойымен келе жатқан ер адамды кездестіреді. Жауап алу кезінде күдікті өзінің қайдан келе жатқанын және қайда бет алғаны туралы сұрақтарға жауап бере алмаған.
- Жағдайды анықтау үшін күдікті полиция бөлімшесіне жеткізілді. Оның пакетінен өзіне тиесілі емес құжаттар, көліктің айнасы, флешкарталар мен көзілдірікке арналған футляр табылды,- дейді ШҚО ПД баспасөз қызметі. – Бұған дейін істі болған 24 жасар күдікті аулада тұрған көліктерден ұрлық жасағаны анықталған. Кейін өзінің қылмысын жасырмақ болып 4 көлікті бірден өртеп жіберген.
Келтірілген шығып көлемі 4 миллион теңгені құрайды. Күдіктінің сол күні мас болғаны да анықталды.
Қазір сотқа дейінді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.