KZ
Өскемен
-17°
туман жел 2 м/с, В
508.91 594.36 6.33

Өскеменде Рождество мерекесі кең көлемде аталып өтті

Кеше, 16:30 108 Базарова Айгүл

Өскемен қаласында этномәдени бірлестіктерді, шығармашылық ұжымдарды, жастарды және қала тұрғындарын біріктірген үлкен Рождество мейрамы өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мерекелік бағдарлама облыстық Достық үйінің алаңында ұйымдастырылып, бұл күн түрлі мәдениет пен конфессия өкілдерінің өзара құрметі мен бірлігінің жарқын көрінісіне айналды.

Шараға жиналған жұртшылықты Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің наиб имамы Дәулет Тілеуханұлы құттықтап, игі тілегін жеткізді.

— Бұл күн – мейірім мен шуаққа, кешірім мен ізгілікке толы қасиетті мереке. Мұндай сәттер бізді өзара сыйластыққа, татулық пен бірлікке үндейді. Халықтың күші – ынтымақтастық пен жақсылық жасауға деген ұмтылысында, — деді Дәулет Тілеуханұлы жиналғандарға береке-бірлік, амандық тілеа.

Сахнада «Бастеньки», «Товарки», «Арабеск» секілді қала тұрғындарына жақсы таныс шығармашылық ұжымдар халық әндері мен билерін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Шығыс Қазақстан облыстық славян мәдениеті қоғамының төрағасы Александр Яковлев бұл мерекенің мән-маңызына тоқталды.

— Рождество Христово — православ мәдениетіндегі ең көне әрі маңызды мейрамдардың бірі. Бүгінгі концерттік бағдарламада халық дәстүрлері, ойындар, әндер қамтылды. Біз осы мерекенің жарық нұрын, халықтың бай мәдениетін кеңінен көрсетуді мақсат еттік, — деді ол.

Көрермендер ерекше ықыласпен қарсы алған қойылымдардың бірі – «Родная среда» фольклорлық студиясының ежелгі дәстүр – колядканы сахналауы болды. Ряженые көне ырым-жоралғыларды орындап, әнмен амандық, молшылық және қуаныш тіледі.

— Бұл дәстүр ерте заманнан бар. Рождество күндері адамдар үйлерді аралап, ән айтып, ақжарма тілектерін жеткізетін. Біз жастарға осы қызық дәстүрді қайта танытқымыз келеді. Сол себепті де ұжымымыздың атауы – «Родная среда». Мақсатымыз – халықтық құндылықтарды жаңғырту, — дейді ұжым мүшесі Любовь Шаковец.

Мерекелік концертпен қатар көрмелер де ұйымдастырылды. Достық үйінің фойесінде «Ақ үкі» қоғамының қолданбалы өнер бұйымдары және «Рождество дәстүрлері» этнографиялық экспозициясы ұсынылды.

ШҚО архитектуралық-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығы келушілерге көне иконалар мен сирек кездесетін кітаптарды көрсетті.

— Бұл жәдігерлер облыстың әр өңірінен жиналды. Көрмедегі иконалардың кейбірі XIX ғасырда жазылған, ал дұға кітабының тарихы екі ғасырдан асады. Бұл – нағыз құнды мұра, — деді музейдің аға ғылыми қызметкері Андрей Мешко.

Бөлек экспозиция рождество қарсаңдағы бал ашу дәстүріне арналды. Мұнда жастар болашақтарына үмітпен көз салған үлкен айна мен ырымдық заттар қойылды.

— Қыздар ыдыстағы бұйымдарды көзін жұмып таңдап алатын. Мәселен, жүзік түссе, жақын арада тұрмыс құруға белгі деп саналған, — деп түсіндірді музей мамандары.

Мерекеге келген қала тұрғындары көтеріңкі көңіл-күй мен жылы әсер сыйлаған шараға ризалық білдірді.

— Біз Рождествоны отбасымызбен бірге атап өтеміз. Бүгін осында келіп, төл мәдениетіміздің тынысын сезінгіміз келді. Барлығы керемет ұйымдастырылған: әсерлі концерттер, қызықты көрмелер, жүрекке жылы тиетін эмоциялар. Мұндай мерекелер расында да адамдарды жақындастырады, — дейді қала тұрғыны Сергей Шепунов.

Өскеменде өткен Рождество мейрамы халықтың дәстүр мен рухани мұраға деген құрметі қоғамның бірлігі мен құндылықтарын сақтаудың маңызды кепілі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.


Роксана Глыбова

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу