KZ
Өскемен
-1°
снег жел 7 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

ШҚТУ – Horizon Europe бағдарламасының жеңімпазы: Қазақстан ғылымы халықаралық деңгейдегі табысқа қол жеткізді

7.01.2026, 14:30 122 Базарова Айгүл

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті Еуропалық одақтың ең ірі ғылыми-зерттеу және инновациялық бастамасы саналатын Horizon Europe бағдарламасының конкурстық іріктеуінде жеңіске жетті. Бұл — Қазақстан жоғары оқу орындары арасында алғаш рет иеленген тарихи грант, деп хабарлайды Altainews.kz.

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің халықаралық ғылыми аренадағы жаңа жетістігі ел ғылымының әлеуетін айқын көрсетті. Университет титан мен бериллий ресурстарын кешенді зерттеу, оларды тиімді әрі экологиялық тұрғыдан қауіпсіз өңдеу, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар шикізат жеткізу тізбегін дамытуға бағытталған ауқымды жобаға қатысады.

Бұл бастамаға Үлбі металлургия зауыты да серіктес ретінде қосылып, «жасыл» қайта өңдеу технологияларын енгізуге және индустриялық мүмкіндіктерді кеңейтуге үлес қоспақ. Осылайша, Қазақстан өзін тек шикізат жеткізуші ғана емес, ғылымы дамыған, технологиялық тұрғыдан бәсекеге қабілетті сенімді серіктес ретінде дәлелдеп отыр.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл жетістікті еліміздің ғылыми қауымы үшін үлкен жеңіс деп атап өтті.

«Қазақстандық жоғары оқу орны осындай грантты алғаш рет иеленіп, титан мен бериллий ресурстарын кешенді зерттеуге қатысады. Жобаға Үлбі металлургия зауыты да атсалысып, маңызды шикізат жеткізу тізбегін дамыту мен «жасыл» қайта өңдеу технологияларын енгізуге үлес қосады. Бұл Қазақстанның шикізат жеткізуші ғана емес, ғылым мен технология саласындағы сенімді серіктес екенін көрсетеді. Ғалымдарымызды тағы да құттықтап, жемісті еңбек пен жаңа ғылыми жетістіктер тілеймін!» – деді өңір басшысы.

Бұл жеңіс – өңірдегі ғылыми мектептердің әлеуетін арттырып қана қоймай, елдің технологиялық тәуелсіздігі мен инновациялық дамуына тың серпін беретін маңызды қадам.


Фото: ШҚО әкімі әлеуметтік парақшасынан

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу