Риддерде Владимир Назаровты еске алуға арналған Рождестволық шаңғы жарысы өтті
Бүгін Риддер қаласында аймақ спортсүйер қауымы көптен күткен дәстүрлі Рождестволық шаңғы жарысында бас қосты. Бұл жарыс қаладағы алғашқы спорт шеберлерінің бірі, жергілікті спорттың дамуына айрықша еңбек сіңірген Владимир Назаровты еске алуға арналды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Додаға еліміздің әр өңірінен және Шығыс Қазақстан облысынан келген 280-нен астам спортшы қатысты. Балалар, жасөспірімдер, ересектер және тәжірибелі әуесқойлар — барлық жас санатындағы қатысушылар өз күштерін сынап, бақ таластырды.
Жас спортшылар 1 шақырымдық қашықтықты бағындырса, ерлер мен әйелдер арасында 7,5 шақырымда мықтылар анықталды. Қарлы асу, қысқы табиғат және жанкүйерлердің қолдауы жарыс көрігін қыздыра түсті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Рождестволық шаңғы жарысы — бұл тек спорттық шара ғана емес. Ол Риддердің спорттық тарихына құрмет, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ бірнеше буын өкілдерін біріктіретін игі дәстүрге айналып үлгерген мереке.
Шара соңында жас шаңғышыларға шабыт, ал тәжірибелі спортшыларға құрмет көрсетіліп, үздіктер марапатталды.