Министрге Қазақстандағы "двойник-автомобильдер" туралы сұрақ қойылды
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев «двойник-автомобильдерге» қатысты алаяқтық схемалар туралы айтып берді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Мәжіліс депутаты Гүлнар Бижанова пленарлық отырыста ел арасында «двоиник» аталған шет елден заңсыз жолмен келетін көліктердің мәселесін көтерді. Ол ішкі істер министрінен осы қылмыстық схемалардың жолын кесу үшін елімізде қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы сұрады.
- Жаңа машиналардың VIN-кодтары қылмыстық жолмен түрі де, маркасы да бірдей ұрланған машиналарға соғылады. Сондай-ақ мұндай автомобильдер нарықта, соның ішінде еуразиялық нарықта оңай сатылып жатыр. Нәтижесінде заңды автокөлік иелерінің мүдделері мен мүліктік құқықтары бұзылады. Олар тіпті шетелде дәл сондай нөмірі бар көліктің жүретінін сезбеуі де мүмкін, - деді Гүлнар Бижанова.
Ішкі істер министрі сұраққа жауап бере отырып, мұндай схема тек біздің мемлекетімізде ғана емес, басқа да шет елдерде қолданылатынын айтып өтті.
- VIN-кодты заңсыз жолмен не үшін өзгертеді? Олар шетелдерден дәл сондай түстегі, дәл сондай маркада, бірдей қозғалтқыш көлеміндегі көлікті таңдап алады. Мұндай алаяқтық схема тек біздің мемлекетте ғана емес, ТМД-да да таралған, - деді Ерлан Тұрғымбаев.
Сонымен қатар ол қазір деректер базасы біріктірілгенін, сәйкесінше, Қазақстан аумағына кіретін бірде-бір автокөлік құралы құқық қорғау органдарының назарынан тыс кете алмайтынын да айтты.
- Көлікті тек кеден органдары тіркейді. Егер де қандай да бір көліктің VIN-коды ұрланған көліктердің мәліметтер базасында тіркелген болса бірден байқалады. Яғни, машина кедендік рәсімделмеген болса, оған тыйым салынады. Одан кейін ол көліктің Қазақстан аумағына қалай кіргені анықталатын болады, - деп түсіндірді министр.
Министрдің айтуынша, жалған VIN-кодтпен жүрген автомобильдерді Қазақстанда тіркейтін жағдайлар да кездеседі.
- Біріншіден, біз сараптама жүргіземіз, оның нөмірі шынайы немесе жасанды екенін растау керек. Егер нөмір жасанды болса біз бұл автокөлікті ұрланған елге қайтарамыз. Егер бұл шынайы нөмір болса, ол иесіне қайтарылады. Яғни, бұл жерде біз азаматтардың құқықтарын қорғаймыз, - деп түйіндеді ол.
27 қаңтарда мәжіліс депутаттары ТМД мемлекеттерінде автокөлік құралдарын ұрлауға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастық туралы келісімнің ратификациясын мақұлдады. Бұл азаматтардың құқықтарын қорғайды және ұрланған көліктердің қайтарылуын жеңілдетеді.