KZ
Өскемен
+3°
пасмурно жел 4 м/с, З
489.36 533.45 4.99

Олжас Бектенов: Бұқтырма көпірінің құрылысын тезірек аяқтау керек

29.07.2024, 11:05 100 Анель Слямғазықызы

Еліміздегі ең ұзын өткел – Бұқтырма көпірін осы жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Нысан қазір 80 пайызға дайын. Облысымызға іссапармен келген премьер-министр Олжас Бектенов көлік министрлігі мен облыс әкімдігіне құрылысты сапалы салып, уақтылы іске қосуды міндеттеді.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Риддердегі жылу орталығының жөндеу жұмыстарымен танысып, сол қалада салынып жатқан аурухананы көрді. Өңірдегі жолдардың жаңартылу жоспарларын тексеріп, туризмді дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді. Медициналық техника өндіретін зауытта болды және Мемлекет басшысы атынан озат металлургтерге мемлекеттік наградалар табыс етті.

 

Риддер ЖЭО: жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр

 

Риддер ЖЭО-да жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр, соның нәтижесінде қазандықтардың тозуын 17,3 пайызға дейін, ал жылу желілерінің тозуын 24,1 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік туады.

Жылу орталығында қазір алты қазандықтың агрегаты, қосалқы жабдықтар және жылыту беті, экономайзерлер, су жылытқыштар жаңартылуда. Мұндағы жұмыстарға 17 мекеменің 540-қа жуық маманы жұмылдырылған.

– Биыл жөндеу жұмыстарына 8,5 миллиард теңге бөлінді. Оның 5,5 миллиард теңгесі турбиналық жабдық қазандықтарын жөндеуге, қалған қаражат жылу желілерін жөндеуге арналған. Барлық материалдарға тапсырыс берілген, жұмыстар кесте бойынша жүруде. Жылыту маусымының басында қазандықтар іске қосуға дайын болады. Бүгінде жылу орталығы 50,3 пайызға дайын, – деді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов.

Премьер-министр жұмыс барысын қатаң бақылау қажеттігін атап өтті, өйткені ЖЭО-ның кідіріссіз жұмыс істеуі өте маңызды.

Сонымен қатар тұрғындар да жылыту маусымына қазірден бастап дайындалуы қажет. Пәтерлерін жылылап, жылу құбырларын тазартып, ретке келтіріп қойғаны абзал. Бұл тұрғын үйлердегі жылу шығынын азайтады.

– Бұл – халықтың тұрмыс-тіршілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі. Сондықтан бұл жерде қатаң мемлекеттік бақылау, талап қажет. Мемлекет осында және жалпы алғанда еліміздегі инфрақұрылымды жаңғыртуға қомақты қаражат салуда. Жұмыс қарқынын арттыра түсу керек. Суық түскенде үйлердің жылусыз қалуына немесе оның жеткіліксіз берілуіне жол бермеу керек. Сапаны сақтай отырып, бекітілген кестеден қалмау маңызды. Алдағы жылыту маусымы жүргізілген жаңғырту жұмыстарының сапасы мен тиімділігінің көрсеткіші болады, – деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, былтырдан бері облыс әкімінің орынбасары бастаған арнайы комиссия жұмыс істеуде. Комиссия өкілдері жөндеу жұмыстары кезінде бұзушылықтарға байланысты барлық мәселелерді қадағалайды.

Қазір станцияны Өскемен жылу желілерінің теңгеріміне беру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл қажет болған жағдайда мамандарды тартуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, жылу көзіндегі жұмыстар басталғаннан бері 100-ге жуық бейінді маман жұмысқа оралды.

 

Аурухана келер жылы қолданысқа беріледі

 

Премьер-министр Риддерде салынып жатқан көпбейінді аурухана кешеніне де барды.

Ауысымда 500 адам қабылдайтын емханасы және 200 төсектік стационары бар медициналық мекеме 80 жылдан астам жұмыс істеп тұрған аурухананың орнына салынуда. Аурухана заманауи медициналық жабдықтармен, атап айтқанда компьютерлік томографпен және цифрлық рентгенографпен жарақталады. Медициналық мекемеде 500-ден астам білікті қызметкер жұмыс істейтін болады.

– Құрылысты келер жылдың екінші тоқсанында аяқтау жоспарлануда. Бүгінгі таңда емхананың дайындығы – 57 пайыз, стационардың дайындығы – 17 пайыз, – деді учаске бастығы Жәнібек Жамантіков.

Құрылыс кезінде қаржыландыруда проблемалар туындаған, қазір мәселе шешілуде. Бейінді министрлікке 18 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім жолданып отыр.

– Қаржыландыру мәселелерін шешеміз. Әкімдік қаражаттың сапалы әрі мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге тиіс. Ұзаққа созбай, жұмыс қарқынын арттырып, нысанның «сақалды құрылыстар» тізіміне өтіп кетуіне жол бермеу керек. Тұрғындар барлық медициналық қызметтерді осы жерде алуы үшін аурухананы қажетті техникамен жабдықтау керек. Біз халықтың ақылы медицинаға жұмсаған шығындарын азайтуға тырысуымыз қажет. Азаматтардың қажеттіліктерін қолданыстағы МӘМС жүйесі және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде жабуға тырысу керек, – деді Олжас Бектенов.

 

Бұқтырма көпірінің құрылысы қарқынды

 

Үкімет басшысы жол-көлік саласын дамыту жоспарларымен танысып, Бұқтырма су қоймасындағы Күршім көпір өткелінің құрылыс қарқынын тексерді.

Жоба Президенттің тапсырмасы бойынша өңір тұрғындарының өтініштерін ескере отырып іске асуда.

Елу жыл бойы Марқакөл, Күршім, Көкпекті және Қатонқарағай аудандары арасындағы көлік қатынасы жазғы уақытта паром арқылы, қыс мезгілінде мұз үстімен жүзеге асып келді. 2019 жылы ауқымды әлеуметтік маңызы бар жобаны – автокөпір өткелін салу міндеті қойылған болатын. Аталған жұмыс 2021 жылы басталды.

– Бүгінде көпірдің барлық тіректері орнатылып, аралық құрылыстардың 20 металл конструкциясы дайындалды, оның 19-ы орнатылған. Екі жолақты автокөлік көпірі Қазақстандағы су үстіне салынған ең ұзын құрылыс болады. Оның ұзындығы – 1316 метр, ал өткізу мүмкіндігі тәулігіне 80 мың көлікке дейін жетеді. Бүгінгі таңда нысан 80%-ға дайын. Көпірді жыл соңында пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар жоба аясында ұзындығы 18,6 шақырым болатын көпірге қосылатын жаңа автожол құрылысы қарастырылған. Бүгінде 7,7 шақырым төменгі жабын қабаты төселді, – деп баяндады көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев.

Премьер-министр жұмысты тезірек аяқтаудың маңызды екеніне тоқталып, көпір құрылысы жобасын іске асыру шекара маңындағы аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін атап өтті. Үкімет басшысы көлік министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, құрылыстың уақтылы іске қосылуын және жоғары сапасын қамтамасыз етуді тапсырды.

– Қазір көпірдегі көлік қозғалысын іске қосу үшін жұмыстарды тезірек аяқтап, барлық күшті жұмылдыру керек. Тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасап, аудандардың өзара көлік қатынасын қамтамасыз ету бүгінде әкімдік үшін негізгі басымдықтардың бірі саналады. Сонымен қатар көлік-логистика саласы еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күштерінің біріне айналуға тиіс. Сондықтан біз осындай инфрақұрылымдық жобаларды жедел іске асыруымыз керек, – деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысына өңірдің жол-көлік саласын дамыту жоспарлары туралы баяндалды. Мәселен, 325 шақырым республикалық магистральдарды реконструкциялау жоспарланған, жергілікті маңызы бар 600 шақырым жолдар орташа жөнделеді.

 

Марқакөлден Қытайға жол салынуы мүмкін

 

Үкімет басшысы Шығыс Қазақстан облысының туристік әлеуетімен танысып, саланы одан әрі дамыту әрі оның өңір экономикасының құрылымындағы үлесін арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Бірегей табиғи-климаттық жағдайлардың арқасында өңір туризмнің барлық түрін дамытудың зор мүмкіндіктеріне ие. Бүгінгі таңда демалушылар арасында Бұқтырма су қоймасы мен Сібе көлдерінің жағажайлары, Қатонқарағай ауданындағы пантымен емдеу орны, аймақтың тарихи нысандары, сондай-ақ Глубокое ауданы мен Риддердегі тау шаңғысы туризмі тұрақты сұранысқа ие. Былтыр облыстағы ішкі туристік ағын 2,7%-ға өсіп, демалушылар саны 350 мыңнан асты. Шетелдік туристер санының артуына Қазақстан мен Қытай арасында орнатылған визасыз режим ықпал етті.

Премьер-министр Глубокое ауданының туристік инфрақұрылымымен және экотуризмді дамыту жоспарымен танысты. Экологиялық стандарттарды сақтай отырып іске асыру көзделіп отырған жобалар ұсынылды. Үкімет басшысына өңірде санаторий-курорттық, қысқы, ауыл туризмі түрлерінің дамуы туралы баяндалды. Жалпы, туризм саласын дамытуға және жаңа нысандардың құрылысына өткен жылы 12 миллиард теңге инвестиция салынды.

– Шығыс Қазақстанның экологиялық туризмді дамытуға айтарлықтай әлеуеті бар. Президент атап өткендей, туристік салаға инвесторлар тарту үшін ашық әрі қолайлы жағдай жасау қажет. Бүгінгі таңда облыста жеке инвестициялар тарта отырып, жобаларды іске асыру мәселесі пысықталуда. Осы бағытта өңір мен орталықтың күш-жігерін біріктіруді тапсырамын, – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр тау шаңғысы туризмін дамыту және танымал ету қажеттілігіне баса назар аударды. Қысқы және тау шаңғысы спорт түрлері бойынша ел құрамасындағы спортшылардың көбі Шығыс Қазақстан облысының тумасы екені атап өтілді. «Риддер – Глубокое» тау шаңғысы кластерін одан әрі дамыту үшін туризм және спорт министрлігіне қысқы спорт түрлерін дамытуға жәрдем көрсету тапсырылды.

Олжас Бектенов туристік әлеуетті ашу үшін көлік желісі мен әуе қатынасын дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты. Курорттық аймақтың көлік-логистикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Астана, Алматы, Шымкент және Қарағандыдан Өскеменге тікелей әуе қатынасы жолға қойылған. Атыраудан тікелей бағыт ашу келісіліп жатыр.

Бұл ретте Үкімет басшысы жол төсемінің сапасына және жол бойындағы сервистің заманауи желісін құруға жекелей тоқталды.

Қанас – Марқакөл көлдерінің трансшекаралық бағытын ұйымдастыру үшін Теректі ауылынан Марқакөл көліне дейінгі жол жабынын салу мәселесін пысықтау, сондай-ақ облыс аумағы арқылы өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында кемінде 15 санитарлық-гигиеналық торап салуды қамтамасыз ету тапсырылды.

 

Фармацевтика өндірісі дамып келеді

 

Премьер-министр «Takurra» ЖШС медициналық техника және медициналық бұйымдар өндіретін отандық зауытта болып, кәсіпорынның әлеуетімен танысты.

Отандық компания – ТМД аумағында жоғары дәлдіктегі автоматты иммунохемилюминесцентті анализаторларының жалғыз өндірушісі. Қанды зерттеуге арналған құралдың көмегімен 14 минут ішінде бірден 20 көрсеткіш бойынша нәтиже алуға және 150-ден астам ауруды ерте кезеңінде анықтауға болады. Зауыттың өндірістік қуаты – 360 анализатор мен 1,5 миллион реагент жиынтығын құрайды.

Премьер-министрге «Takurra» ЖШС бас директоры Андрей Кайзер компанияның мемлекеттік ауруханалардағы шетелдік анализаторларды отандық анализаторлармен ауыстыруға дайын екені туралы хабарлады.

– Мемлекет басшысы сатып алудағы қазақстандық қамтуды және отандық тауар өндірушілермен офтейк-келісімшарттар үлесін арттыру міндетін қойды. Біз импортты алмастыруға ұмтыламыз. Денсаулық сақтау министрлігіне отандық анализаторлар үлесін біртіндеп арттыру бойынша талдау жүргізіп, мәселені зерделеуді тапсырамын, – деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысына қазіргі модульдік автоматтандырылған ПТР-сынақ жүйесін іске қосу және отандық өндірістегі медициналық бұйымдарды шығару жоспарлары туралы да баяндалды.

 

Үздік металлургтер марапатталды

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан озат металлургтерге мемлекеттік наградалар табыс етілді. Құрметті марапатты премьер-министр тапсырды.

Шілденің үшінші жексенбісінде атап өтілетін Металлургтер күні қарсаңында ерен еңбегімен саланың тұрақты дамуына орасан зор үлес қосып жүрген қарапайым еңбек адамдары марапатталды. 

Бүгін тау-кен-металлургиялық кешенінде 195 мың адам жұмыс істейді. Бұл – еліміздегі бүкіл өнеркәсіп саласы жұмысшыларының шамамен үштен бірі.

– Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында бүгінде «жаңа мұнайға» айналған сирек және сирек жер металдары кен орындарын игеруді басым міндеттердің бірі ретінде белгіледі. Кен орындарының әлеуетін ашу және металдарды терең өңдеу еліміздің өнеркәсіп саласын нығайтуға, экономикалық дамуды қамтамасыз етуге тиіс.

Ауыр, батылдық пен жанкештілікке толы металлург мамандығы қай кезде де жоғары құрметке лайық саналды. Бүгін мен металлургияға қатысы бар барша адамға сапалы жұмысы, кәсібилігі мен жоғары шеберлігі, қызметіне деген адалдығы мен құрметі үшін алғыс айтамыз, – деді премьер-министр.

Облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапановтың мәлімдеуінше, облыстың жалпы өңірлік өнімінің құрылымында биылғы бірінші тоқсанда өнеркәсіп үлесі 42%-ға жеткен. Бұл тұрғыда өндірістің жалпы көлемінің басым үлесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі – жалпы 1 триллион теңгеге өнім өндірілген. Металлургия саласының үлесі бүгінде 62% мөлшерінде.

Олжас Бектенов Шығыстың кәсіпорындары еліміздің түсті металлургиясының флагманы болып саналатынын айтып, өндірістік сектордың алдында тұрған міндеттерді атап өтті.

– Дамудың басым бағыттарының бірі – өндірістік қуатты арттыру. Бұл мәселені шешу үшін Үкімет отандық кәсіпорындарға қолдау көрсетуге дайын. Компаниялардың өндірістің тұрақты дамуымен қамтамасыз етілетін негізгі көрсеткіштерге қол жеткізуі өте маңызды, – деп атап өтті Үкімет басшысы.

Жұмыс сапары аясында Олжас Бектенов еліміздегі іргелі кәсіпорындардың бірі – «Қазцинк» ЖШС-да болып, зауыттың өндірістік қуатымен танысты. Сонымен қоса Металлург күні мерекесіне орай кәсіпорын қызметкерлерін құттықтады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан үздіктерге мемлекеттік наградалар табыстады. Атап айтсақ, «Құрмет» ордені «Қазцинк» бас директоры Жанат Жанботинге, III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені шебер Алексей Мордовинге, слесарь-жөндеуші Михаил Мещеряковқа, «Ерен еңбегі үшін» медалі катодшы Айдарбек Жақыповқа, құю өндірісінің басшысы Мерғалым Нағышпаевқа және цех басшысы Есбол Сейтқазинге табыс етілді, сондай-ақ басқа да бірқатар металлург алғыс хаттармен марапатталды.

Естеріңізге сала кетейік, «Казцинк» компаниясы мыс, бағалы металдар мен қорғасынның ілеспе өндірісінің үлкен үлесімен мырыш шығарады, сондай-ақ Қазақстандағы ең ірі алтын өндіруші саналады. Бүгінгі таңда тау-кен металлургия кәсіпорнының зауыттары еліміздің алты аймағында орналасқан. Табиғатты сақтау технологияларын белсенді түрде енгізудің арқасында 90-шы жылдардан бастап зиянды қалдықтар көлемі 69,4 мың тоннадан 2023 жылы 15,9 мың тоннаға дейін қысқарды. Сонымен қатар компания жыл сайын әлеуметтік міндеттемелерді орындауға шамамен 12 миллиард теңге бөледі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив