KZ
Өскемен
-11°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

Бұқтырмаға миллиондаған шабақ жіберілді

фото: gov.kz

23.05.2024, 10:57 168 Қызырбек Дүргінбайұлы

Шығыс Қазақстан облысының аумағындағы өзен-көлдерге шабақ жіберу маусымы басталды. Мұндағы негізгі мақсат өңірдегі өзен-көлдердің экожүйесін қалыпқа келтіріп, су айдындарындағы балық санын көбейту. Осы мақсатта биыл Бұқтырма су қоймасына 25,4 млн шабақ жіберілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өзен-көлдегі балықты өсіріп отырмасаң оның да қоры азайып, байлығы ортайып қалатыны белгілі. Сондықтан өңірдегі су қоймаларына, өзен-көлдерге, балық шаруашылықтары тоғандарына шабақ жіберу үрдісі жыл сайын жүргізіліп келеді және болашақта да жүргізіле береді. Бұл науқан, яғни су айдындарын балықтандыру өзен-көлдердің экожүйесін қалыпқа келтіру және тауарлық бағыттағы балық санын арттыру жоспарының шеңберінде жүзеге асырылады.

– Су айдындарына балық жіберу, су объектілерін балық шаруашылық мелиорациялау жөніндегі жұмыстарды жүргізу қағидаларына сәйкес жануарлар дүниесін пайдаланушылардың балық шаруашылығын дамыту жоспары шегіндегі шарттық міндеттемелерін орындау мақсатында жүзеге асырылады. Сондай-ақ, ұйымдар, кәсіпорындар келтірген зиянды өтеу жөніндегі шараларын орындау, мемлекеттік тапсырысты орындау мақсатында Шығыс Қазақстан облысының балық шаруашылығы су айдындарына балық жіберу жүзеге асырылуда, – дейді «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Алтай бөлімшесінің диреткоры Жарқын Кабдолов.

Бүгінгі таңда мамандар су айдындарына балықтардың бағалы тұқымдарын жіберу керектігін ұсынып отыр. Осындай мақсатта балық өсіруге арналған су қоймаларына сібір бекіресі, сазан, тұқы, ақ амур және албырт тұқымдас балық түрлері  жіберілуде. Мамандардың айтуынша, кез келген балық тұқымы жіберіле бермейтін көрінеді. Су айдындарын балықтандыру үшін таңдалған балықтар белгілі бір нормаларға сәйкес болуы керек. Оны арнайы комиссия құрамы қажетті параметрлерге сәйкес тексереді.

Ал облыс аумағындағы Бұқтырма су қоймасына көктемгі балық жіберу жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталған. Нақтырақ айтқанда, бүгінгі күні 25,4 млн ақбалық дернәсілі айдынға жіберілген. Бұл іс-шара, ең алдымен балықтардың тұрақты популяциясын құруға және Ертіс бассейнінің экожүйесін тұрақтандыруға бағытталған.

Ал қазір балық ресурстарын көбейту және сақтау мақсатында балық шаруашылықтарының су айдындарында көктемгі қоректендіру жұмыстары да жалғасын табуда.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу