Күршімдік балақайлар мерекені жаңа саябақта атап өтті
Күршім ауылындағы орталық саябақ кешенді жөндеу жұмыстарынан кейін қайта ашылды. Халықаралық балалар құқығын қорғау күнімен тұспа-тұс келген бұл шара бүлдіршіндерге бағалы тарту болғандай. Өйткені жаңа саябақтың ішінде ойын алаңқайы, футбол және баскетбол алаңдары, тіпті шахмат үстелдері де бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс өңіріне жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Ринат Зайытов пен Мақсат Толықбай күршімдіктердің қуанышына куә болып, мерекесін жаңа саябақта атап өтіп жатқан бүлдіршіндерге жылы лебіз арнады.
Айта кетейік, саябақты жөндеу жұмыстары өткен жылдың соңында аяқталған. Тиісті құжаттама реттелгеннен кейін саябақ пайдалануға берілді.
Көктемде бақ ішіне тал егілді. Жөндеу жұмыстары аясында гүлзарлар дайындалған болатын, бүгінге дейін көгалдандыру жұмыстары толық жүргізілді. Саябақ ішіндегі жолдар жөнделіп, жарық тартылған. Қоршау да жаңартылды. Балалар мен жасөспірімдерге қажетті жабдықтар тұтас бар екенін айттық. Сонымен қатар саябақ ішінде бұқаралық іш-шараларды өткізуге арналған арнайы орын бар. Балалар мерекесі бүгін сол жерде атап өтілді.
Салтанатты түрде қызыл лентаны қиған мәдениет саласының ардагері Шәкерхан Тойбаев балаларды және жергілікті халықты құттықтай келе атқарылған жұмысқа жоғары баға берді.