KZ
Өскемен
+13°
ясно жел 1 м/с, С
481.19 538.45 5.18

Бас-мойын ісіктерінің 60 пайызы бастапқы кезеңде анықталады – ШҚО

7.06.2024, 15:20 144 Айна Ескенқызы

Осы жылдың бес айында Шығыс Қазақстан облысында бас пен мойынның қатерлі ісіктерінің 73 жаңа жағдайы анықталды. Пациенттердің орташа жасы 55-64 аралығында. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 23,7%-ға өскені байқалады. Бұл локализациядағы қатерлі ісік ауруларының 60% - дан астамы бастапқы кезеңдерде анықталады Онкологтардың сөзіне қарағанда, бұл – ерте диагностиканың сапасын жақсартудың нәтижесі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

 3-9 маусым аралығында Қазақстанда бас және мойын ісіктері туралы республикалық хабардарлық апталығы өтуде. Бас және мойын қатерлі ісігі-ауыз қуысы, жұтқыншақ, көмей, мұрын, параназальды синус, қалқанша без, бас және мойын терісі сияқты әртүрлі аймақтарда дами алатын қатерлі ісіктер тобы. Осыған орай облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында өткен баспасөз мәслихатында жергілікті онкологтар бас және мойын ісіктерінің алғашқы белгілері және одан сақтанудың жолдары туралы айтып берді.

– Қатерлі ісіктердің алдын алу және ерте диагностикалау үшін  емханалардағы тексеру кабинеттерінің қызметі өте маңызды. Бұл кабинеттерге пациенттер  емханаға алғашқы барған кезде жіберіледі. Онда арнайы дайындалған фельдшерлер көзбен қолжетімді локализацияларды тексереді, соның ішінде бас және мойын терісі, ауыз қуысы, қалқанша безі онкопатологияларының бар-жоғын анықтайды. Егер қатерлі ісікке күдік болса, пациент «Жасыл дәліз» жүйесі бойынша кеңейтілген тексеруге жіберіледі, бұл тексеру мерзімін едәуір қысқартуға, сол арқылы дәл диагноз қоюды жеделдетуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті облыстың бас онкологы, орталық директоры Гүлмира Сағидуллина.

Бас және мойын ісіктерінің хирург-онкологы Жандос Мағзұмовтың айтуынша, бас пен мойын ісіктерінің отыздан астам локализациясы бар. Алғашқы стадиясында ісік білінбеуі, науқастардың оны байқамауы мүмкін.

– Мысалы,  науқастар ауыз қуысындағы жараларға мән бермейді, емдегенге қарамастан, ол ұзақ уақыт жазылмаса, жара тығыздалып, қатты болса,  ауыздан жағымсыз иіс шықса, дәрігерге қаралу керек. Егер қатерлі ісік мұрында болса, жиі қан кету,  іріңді су ағуы мүмкін. Егер көзде болса, көз алмасы орнынан ауытқып кетеді, не болмаса қабақ терісі төмен түседі. Егер обыр жұтқыншақта болса, адамның жұтынуы қиындайды, – деп атап өтті қатерлі ісіктің алғашқы белгілерін Жандос Мағзұмов.

Мамандардың айтуынша, облыстық онкологиялық орталықта дәл диагноз қою үшін бас пен мойынды диагностикалаудың барлық қажетті әдістері жүргізіледі: ультрадыбыстық, КТ, МРТ, фиброларингоскопия, сондай-ақ ультрадыбыстық бақылаумен қалқанша безі мен лимфа түйіндерінің жұқа инелі биопсиясы. Диагнозға және ісіктің таралу дәрежесіне байланысты орталықтың онкологтары қатерлі ісікті емдеудің заманауи әдістерін қолданады: хирургия, химиотерапия, сәулелік терапия.

Айта кету керек, онкологиялық орталықта қалқанша безге бірегей операция эндоскопиялық тиреоидэктомия жасалады. Қазақстанда бұл әдіс жаңа тек Өскемен мен Астан қалаларында енгізілген. Хирург-онкологтар  ота жасаған кезде мойында тыртық қалдырмай, ісікті қолтық астынан кіріп, алып тастайды. Бұл әдіс қан тамырлары мен жүйке талшықтарының зақымдану қаупін азайтады, сонымен қатар операциядан кейінгі кезеңнің ыңғайлы өтуін қамтамасыз етеді, науқастың ауруханада болу уақытын қысқартады.

Естеріңізге сала кетейік, республикалық бас және мойын ісіктері туралы хабардар болу апталығы аясында 8 маусымда сағат 09.00-ден 13.00-ге дейін ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығында кезекті ашық есік күні өтеді. Облыс тұрғындары МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан орталықтың жетекші мамандарынан кеңес ала алады. Терапевттен жолдама қажет емес. Өзіңізбен бірге тек жеке куәлігіңіз болуы керек.

Мекен-жайы: Потанин к-сі, 6, 1 корпус, консультативтік-диагностикалық бөлімше (емхана). Барлық сұрақтар бойынша телефон арқылы хабарласуға болады: +7 (7232) 48-91-51, +7 778 003 78 45.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив