Бұқтырма су қоймасының Самар жағалауында құтқарушылар бекеті ашылды
Фото: ШҚО ТЖД
Самар ауданының Новостройка ауылы маңындағы Бұқтырма су қоймасының жағалауында құтқарушылар бекеті жұмыс істей бастады. Жаз бойы мұнда Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері мен жедел-құтқару жасағы кезекшілік ететін болады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Департаменттің ақпараты бойынша, құтқарушылар бекеті қажетті құтқару жабдықтарымен, оның ішінде арнайы жүзу құралдарымен және өрт сөндіру автокөлігімен жабдықталған.
Құтқарушылар қайықпен патрульдейтін болса, өрт сөндірушілер ұзындығы шамамен 110 шақырым жағалау бойындағы демалушылар мен демалыс нысандарының өрт қауіпсіздігін сақтауын ұдайы бақылауда ұстайтын болады. Демалушыларға судағы қауіпсіздік жайлы жадынамалар тапсырылып, нұсқау жұмыстары жүргізіледі.
Төтенше жағдай кезінде 101 немесе 112 нөмірі бойынша хабарласу қажет.