ҰБТ-да 266 талапкер 130 балдан жоғары нәтиже көрсетті
Фото: Ұлттық тестілеу орталығы
Негізгі ҰБТ басталғаннан бері 164 мың рет тест тапсырылды. Оның ішінде талапкерлердің 74%-ы қазақ тілінде, 26%-ы орыс тілінде, 115 түлек ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпараты бойынша, ҰБТ басталғалы шекті балды 76% талапкер жинады. Орташа балл – 68. Ең жоғары балл – 138. 266 адам 130 балдан жоғары көрсеткіш көрсетті.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға төрт аптаның ішінде 510 адам қатысты.
Бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған жеті адамның нәтижесі жойылды. Бөтен адамдардың тестке кіруі анықталған жоқ.
Айта кетсек, ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады.