ҰБТ-ның аралық қорытындысы: ең жоғары балл – 137
Фото: gov.kz
Негізгі ҰБТ басталғаннан бері 71 мыңға жуық адам тест тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 71%-ы қазақ тілінде, 29%-ы орыс тілінде, 84 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз қызметінің ақпараты тйынша, ҰБТ басталғалы шекті балды 74% - ға жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 67 балды құрады. Ең жоғары балл – 137, оны өткен аптада үш талапкер жинаған.
Естеріңізге сала кетсек, күн сайын ҰБТ екі лекте өткізіледі. Статистикаға сәйкес, таңғы лекте ҰБТ тапсырушылардың орташа балы түстен кейінгі лекте тапсыратын талапкерлерден жоғары. Қазіргі уақытта айырмашылық 5 балды құрайды: сәйкесінше 69 және 64 балл.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға екі аптаның ішінде 266 талапкер қатысты.
Бүгінгі таңда 126 ереже бұзушылық анықталды. Оның ішінде 94 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 27 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 5 адамның нәтижесі жойылды.
Айта кетсек, осы жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.