ҰБТ-да 267 оқушы тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды
Биыл ҰБТ тапсыру кезінде 267 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды.
ҰБТ басталғаннан бері 220 мың рет тест тапсырылған. Түлектердің 75,8% – қазақ тілінде, 24% - орыс тілінде, 0,1% - ағылшын тілінде тестілеуден өтті. ҰБТ басталғалы шекті балды 68% жуық талапкер жинады, өткен аптамен салыстырғанда 1%-ға артты. Орташа балға келетін болсақ, ол - 66 балл.
«Тестілеудің алтыншы аптасы аяқталды, барлығы штатты режимде өтіп жатыр. Жалпы негізгі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 290 мыңға жуық өтініш келіп түсті, оның ішінде 160 мың өтініш - бірінші мүмкіндікке, 130 мың өтініш - екінші мүмкіндікке берілген. Қазіргі таңда 220 мың рет тест тапсырылды, яғни талапкерлер екінші мүмкіндігін тапсырып жатыр. ҰБТ 5 шілдеде аяқталады», – деп атап өтті Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан 262 адам шығарылып, олардың нәтижесі жойылды.