KZ
Өскемен
+13°
пасмурно жел 2 м/с, В
481.84 531.33 5.07

Сенаторлар Өскемен тұрғындарымен кездесті

9.07.2024, 15:12 183 Айна Ескенқызы

Облыстық Достық үйінде Қазақстан Республикасы Сенатының депутаттары Ольга Булавкина мен Шәкәрім Бұқтығұтов Шығыс Қазақстан облысы  Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенділерімен, қала тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

– Біз Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының, Сенат төрағасының тапсырмасымен аймақ жұртшылығымен кездесіп, сіздерді толғандырған мәселелерді тыңдауға келдік. Егер Парламенттің жұмысына келсек, биыл 102 заңнамалық акті қабылданды, өзіміздің қызметімізді әлеуметтік желілерде кеңінен жариялап келеміз. Ол заңдар әлеуметтік салаға, ғылыми қызметкерлерге қатысты, өміріміздің біраз саласын қамтиды. Заңның әр бабына түзету не өзгерту енгізу үшін Парламентте қызу талқылаулар жүреді, салалық министрлік өкілдерімен күнделікті кездесеміз, – деді сенатор Ольга Булавкина.

Жуықта «Әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» Заң қабылданғаны белгілі. Сондай-ақ масс-медиа бойынша жаңа заң қабылданды. Енді бұқаралық-ақпарат құралдарының сауалына жауап жеті жұмыс күнінде емес, бес жұмыс күнінде берілуге тиіс. Заңнамада мемлекеттік тілде берілетін телерадио хабарлардың бір апталық көлемі елу пайыздан біртіндеп, 2027 жылға дейін 60 пайызға өседі.

Сенатор Шәкәрім Бұқтығұтов өңірдің өнеркәсібі мен  экологиясының жағдайы басты назарда екенін айтты. 

– Пайдалы қазбаларды геологиялық барлау мәселелерін үнемі көтеріп отырамыз. Наурыз айында осы өңірге Премьер-министрмен келіп, өнеркәсіп орындарында болдық. Егер экономика болса, онда басқа салалар да, әлеуметтік сала болсын,  денсаулық пен білім салалары да, шағын бизнес те дамиды, – деп атап өтті Шәкәрім Сабырұлы. 

Сенаторлардың сөзіне қарағанда, олар бұған дейін облыс әкімімен кездесіп, өңірімізге қатысты біраз мәселені талқылады, Шығыс Қазақстан техникалық университетінде болды. Алда Ұлан, Самар, Тарбағатай аудандарын аралап, жағдайларымен танысу жоспарланған.

– Облыс әкімі көтерген бірінші мәселе Риддер қаласындағы аурухана құрылысына қатысты болды. Осинов асуындағы айналма жол, Бұқтырма көпірінің құрылысын қаржыландыру, Риддер қаласына жол салу мәселелері көтерілді. Өскемен – Семей жолы сапалы жөнделіп жатқанын кеше өзім көрдім. Мердігерлер демалыс, мереке күндеріне қарамастан қызу жұмыс үстінде. Жоғарыдағы мәселелердің барлығы облыс әкімінің, салалық министрліктердің назарында тұр. Бұл сұрақтарда бізден қандай көмек болады? Ол ең алдымен, заңнамаларға тиісті өзгертулер енгізу туралы ұсыныстарымыз. Енді облыстық, аудандық жолдар бақылаушы органдардың келісімінсіз салына береді, егер жобалық-сметалық құжаттамасы болса, қаржы мердігерге ешкімнің келісімін тоспай, берілуге тиіс. Сіздердің тарапыңыздан түскен сауалдарға біз мүмкіндігімізше жауап береміз, түйіткілді мәселелерді түртіп алып, тиісті министрліктерге сауал жібереміз, – деп тарқатып айтты Шәкәрім Бұқтығұтов.

Кездесуде «Үміт» балаларды қолдау орталығының директоры Майра Бейсекенова мекеменің статусы мен тәрбиеленушілерінің  орталықтан шыққаннан кейінгі болашағы туралы мәселелерді көтерді.  «Jan ana»  қоғамдық бірлестігінің директоры Гүлжамал  Бершімбекова көп балалалы аналарға пәтер жалдауға берілетін субсидия мен «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы пәтер алудағы кедергілер туралы айтты. Сенаторлар бұл сұрақтарды назарда ұстап, шешу жолдарын қарастыратындарын жеткізді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив