ШҚО-да бір ауданның барлық мектебіне бейнебақылау қойылды
Бородулихадағы 23 шағын комплектілі мектепте IT-сыныптар ашылды. Онда балалардың білім алуына барлық жағдай жасалған.
– Ағымдағы жылы осы мектептерге 163 ноутбук пен 23 компьютер сатып алынды. Оған 31 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалды, - деді аудан әкімі Ольга Булавкина.
Аудандағы барлық мектепте бейнебақылау камералары орнатылды. Бұл оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ольга Булавкинаның айтуынша, биыл Жаңа Шүлбіде, сондай-ақ Жезкент пен Бородулихадағы білім беру ошақтарында «Жас сарбаз» кабинеттері ашылды.
– Михайличенково орта мектебінің жанындағы шағын орталықта мемлекеттік тілде білім беретін қосымша топ құрылды, - деді Ольга Булавкина.
Аудандағы мектептерде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан оқушылар мен ерекше күтімді қажет ететін он бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Оған тиісті қаражат қарастырылған.
– Биылғы оқу жылында 821 оқушыға тегін мектеп формасы үлестірілді. Осы мақсатта облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Бұдан бөлек демеушілер де қол ұшын берді, - деді Ольга Булавкина.