KZ
Өскемен
+32°
ясно жел 5 м/с, С
473.95 513.38 5.5

МӘМС-ке төлеген ақша қайда сақталады?

11.07.2024, 13:12 95 Айна Ескенқызы

Тұрғындардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне төлеген жарналары мен аударымдары қайда сақталады және қандай мақсатқа жұмсалады? Бұл сұрақ кез келген адамды қызықтырады. Көптің көкейіндегі сауалға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мамандары жауап берді.

Қордың баспасөз қызметінің хабарлауынша, барлық жарналар мен аударымдар Ұлттық банктің арнайы шотына түседі, сол жерден халыққа көрсетілген медициналық қызметтерге ақы төлеу үшін медициналық ұйымдарға жіберіледі. 

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңда (21-бап) Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры инвестициялық қызметті қордың активтерін (МӘМС қаражатын) Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі арқылы қаржы құралдарына орналастыру жолымен жүзеге асыратыны көрсетілген. Бұл ретте қор мен Ұлттық банк арасында сенімгерлік басқару шарты жасалды» деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.

Ол қалай жүзеге асады?

Ұлттық банк артылған ақшаны (МӘМС есебінен көрсетілген медициналық қызметтерге төленгеннен кейін қалатын ақша) қаржы құралдарының бекітілген тізбесіне сәйкес қатаң түрде бағалы қағаздар мен депозиттерге орналастырады. Бұл инвестициялық табыс алуға, яғни МӘМС жүйесінің жинақталған активтерінің сомасын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Олар өз кезегінде тек медициналық қызметтерге ақы төлеуге бағытталады және қордың қажеттілігіне жұмсалмайды. Осы ретте қор МӘМС қаржысын өз еркімен орналастырмайтынын ескерте кеткен жөн.

2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2017 жылдан бері жинақталған МӘМС активтерінің қалдығы – 933 млрд теңге.

 2024 жылдың төрт айында қорға 441 млрд теңге МӘМС жарналары мен аударымдары түсті, оның ішінде 42 млрд теңге – инвестициялық табыс. Төрт айда қазақстандықтарға 354 млрд теңгенің медициналық көмегі көрсетілді. Осылайша, 2024 жылғы 1 мамырда қорда 1020 млрд теңге қалды.

Ұлттық банк МӘМС активтерінің 171 млрд теңгесін Ұлттық банктің қысқа мерзімді депозиттеріне (медициналық көмектің ағымдағы төлеміне жіберіледі), 108 млрд теңгесін орта және ұзақмерзімді облигацияларға, 741 млрд теңгесін мемлекеттік бағалы қағаздарға бағыттайды.

Бұл жүйеге және пациенттерге қандай мүмкіндіктер береді?

2023 жылы алынған инвестициялық табыс 113 млрд теңге болды, яғни МӘМС пакетінің бюджетіне қосымша 113 млрд теңге түскен еді. Айта кету керек, 2022 жылмен салыстырғанда инвестициялық кіріс 1,6 есе өсті. Бұл қаражат МӘМС-тің қалған активтерімен бірге 2024 жылдың басында медициналық ұйымдармен 2024 жылға жасалған шарттар бойынша 30% мөлшерінде аванс төлеуге бағытталды.

МӘМС қаражатын тиімді сақтаудың бұл тетігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнаманы бекіту кезінде нақтыланды және ол жүйенің активтерін, оның ішінде жыл сайын көрсетілетін медициналық қызметтердің санын ұлғайтуға, қазақстандықтар үшін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Айта кетерлігі, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаржы-шаруашылық қызметі және МӘМС активтері бойынша жыл сайын тәуелсіз аудит жүргізіледі. Жыл қорытындысы бойынша қаржылық есептілік Қаржы министрлігінің депозитарийінде және қордың ресми сайтында жарияланады.

Сондай-ақ қор Үкіметте және Үкіметтің шоғырландырылған есептілігі шеңберінде Парламент депутаттарының алдында есеп береді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив