KZ
Өскемен
+31°
ясно жел 4 м/с, СБ
473.95 513.38 5.5

Тазалық акциясын Тарбағатай ауданы жалғастырды

11.07.2024, 11:53 238 Қызырбек Дүргінбайұлы

Экологиялық акция еліміздің түкпір-түкпірінде әлі де жүргізіліп келеді. Бұл жолы тазалық науқанын Тарбағатай ауданы жалғастырып, оған 270-тен астам адам қатысты. Ал акция басталғалы бұл ауданнан тазалыққа 5 мыңға жуық адам қатысып, 400 тонна қоқыс шығарылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Еліміздің тұрғындары белсенді атсалысып жатқан «Таза бейсенбі» экологиялық акциясына Тарбағатай ауданының жастары, еріктілер, мемелекеттік қызметшілер және ауыл тұрғындары қатысты. Олар көшелердің бойын, арықтардың арнасы мен өзен жағалауын қоқыстан тазартты. Тазалық науқаны қарсаңында жастар қазан көтеріп, қатысушыларға палау және сусын таратты.

– Тазалық акциясы басталғалы бері аудан тұрғындары белсенді қатысып келеді. Экологиялық шара басталғалы аудан орталығын және ауылдық округтатарды тазалауға 5 мың адам қатысып, 400 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар 5 мың көшет, 33 мың бір жылдық, 6 мың көп жылдық гүлдер егілді. Акция аясында саябақтардың аумағы тегіс тазартылды. Шараға барлық мекемелер мен аудан тұрғындары жаппай қатысып, белсенділік танытуда. Бұл маңызды бастама осымен тоқтап қалмайды, ары қарай жалғастыратын боламыз, – дейді Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Талант Бақытбекұлы.

Жалпы Amanat партиясының ұйымдастырумен қолға алынған тазалық науқаны еліміздің түкпір-түкпірінде жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл жолы да партия өкілдері Тарбағатай ауданы орталығында жұртпен бірге тазалық акциясына қатысып, эколгиялық науқанға үлес қосты.

– Бүгін біз акция аясында өзен жағалаулары мен жол жиектерін, көшелерді қоқыстан тазарттық. Бұл шара әлі де жалғасатын болады. «Таза бейсенбі» акциясы айналаны таза ұстауға  ғана емес, жас ұрпақты қоршаған ортасын аялауға тәрбиелейтін маңызды шара деп санаймын. Осы науқан аясында ауылдар түгелге дерлік тазарып қалды. Енді осылай тазалық істеуді әдетке айналдыруымыз керек, – дейді Amanat партиясы Тарбағатай аудандық филиалының төрағасы Асқар Жұмашұлы.

«Таза бейсенбі» акциясына белсене қатысып келе жатқан аудан тұрғындары осы науқан басталғалы аудан орталығы мен ауылдардың маңы, көшелер, су жылғалары қоқыстан арылып, Жер ана бір сергіп қалғанын айтады.

–  Осы экологиялық акция басталғалы қатысып келемін. Өте пайдалы іс болды. Ауыл маңы, көшелер, су арналары тазарып қалды. Енді ауыл тұрғындары көрінген жерге қоқыс тастауды қойып, тазалық мәдениетін сақтаса екен деп ойлаймын. Ауылдың тазалығы ойын балалары үшін де, қыдырып келер қонақтар үшін де маңызды. Тазалық денсаулық кепілі екенін ұмытпайық, - дейді ауыл тұрғыны Оразай Талантұлы.

Осылайша жаңадан ірге көтерген Тарбағатай ауданы тағы бір мәрте ауқымды тазалық науқанын өткізіп, ауыл маңын тазартты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив