KZ
Өскемен
+20°
пасмурно жел 1 м/с, С
481.63 534.46 5.28

Глубокое кентінде жылу құбырлары жөнделіп жатыр

17.07.2024, 18:41 124 Айна Ескенқызы

Глубокое кентінде отыз жылда алғаш рет  кварталішілік жылу желілерін қайта құру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жалпы екі жылда  10,2  шақырым құбыр желісін ауыстыру жоспарланған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жобаны «Терезе» ЖШС мердігерлік ұйымы орындайды. Қайта құрудың жалпы сметалық құны 3,9 млн теңге.

– Жылу желілерін жаңғырту жұмыстары 2023 жылы басталды. Былтыр жаз бойы 3,8 км құбыр салынды, биыл қалған учаскелерді жылу маусымы басталғанша аяқтаймыз деп отырмыз. Қазір қалған сегіз учаскеде құбырларды ауыстырып жатырмыз. Ағымдағы жылы 3,9 км желі ауыстырылды, енді қалған 2,5 шақырымды он бесінші қазанға дейін аяқтауға тиіспіз, – деді мердігер ұйымның учаске басшысы Қанат Мұқанов.

Жұмыс жобасының мақсаты-кент тұрғындарын ыстық сумен және жылу энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету, нәтижесінде кент халқының әл-ауқатын жақсарту. Кент тұрғындары көшелердің қазылып жатқанына түсіністікпен қарауда. Өйткені олар қыста үйлері жылы болатынына сенімді, сол үшін осындай уақытша қолайсыздықтарға төзуге дайын.

– 2023 жылдан кентімізде жылу құбырларын ауыстырып жатыр. Жұмыс қарқынды, өзім №4 шағын ауданда, жекеменшік үйде тұрам, бізге де құбыр тартып берді. Әр үйдің іргетасына дейін құбырларды жеткізіп берді, ары қарай өзіміз  үйге кіргізіп алдық. Биыл жылу және суық су құбырлары толық іске қосылып, үйіміз жылы болады деп сенемін. Біздің шағын ауданға суық су құбырлары да тартылып жатыр. Су құбырларын төсеуді бүгіннен бастады,  өз көзіммен көрдім. Кент халқына осындай жағдай жасап жатқан  аудан мен кент әкімдеріне алғысымыз шексіз. Жөндеу жұмыстары болғасын, көшелердің барлығы қазылған. Кент тұрғындары оған түсіністікпен қарайды, – деген қуанышымен бөлісті кенттің №4 шағын ауданының тұрғыны Оралхан Мұқағали.

Глубокоеліктер алда кентті абаттандыру, гүлдендіру жұмыстары қолға алынса, оған да белсене қатысып, кент басшылығына қолдау көрсетуге дайын екендіктерін айтты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив