KZ
Өскемен
-12°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
494.95 525.49 5.05

Таза Қазақстан: әрекет әдетке айналып келеді

18.07.2024, 12:43 438 Қызырбек Дүргінбайұлы

Байырғы бабалар «әрекет түбі – берекет» деп бекер айтпаған-ды. Соның бір дәлелі – биыл берекелі жұртымыз әрекетті әдетке айналдыра білді. Көктемде қолға алған күрегі мен кетпенін тастамастан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын күні бүгінге дейін жалғастырып келеді. Тіпті, тазалық істеу тұрғындардың күнделікті әдетіне айналғандай.  

Табиғатты таза ұстау – денсаулықтың кепілі. Деніміз сау, денеміз ширақ болсын дейтін әрбір азамат «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді түрде атсалысып келеді. Осы жылдың көктемінде басталған акция бірнеше аптаға жоспарланып, әр апта белгілі атаумен өткен болатын. Әуелі 8-13 сәуір аралығында «Таза өлке» деген атаумен тұрғындар, қоғам қайраткерлері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері өз аумақтарын, аулаларын тазалаған болатын. Осыдан кейін 15-20 сәуір аралығында «Киелі мекен» деген атаумен тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағы тазаланса, 22-27 сәуір аралығында «Жасыл аймақ» күндері өтті. Ал 29 сәуір және 4 мамыр аралығы «Өнегелі ұрпақ» деген атаумен ардагерлер мен қарттардың үйінің аумақтары тазаланса, 6-11 мамыр күндері «Мөлдір бұлақ» акциясы өтті.

Иә, осы күндер аралығында Жер ана бір серпіліп қалды. Жер бетінен тонналып қоқыс жиналып, сан мыңдап көшет егілді. Су арналары мен өзен жағалары тазартылып, бастаулардың көзі ашылды. Сол бір шектеулі уақытпен тоқтап қалмай әр өңірдің тұрғындары күні бүгінге дейін экологиялық акцияны жалғастырып, «Таза бейсенбі» деген атаумен де өткізіп келеді.

Тазалық акциясы Тарбағатайда жалғасты

Экологиялық акция еліміздің түкпір-түкпірінде әлі де жүргізіліп келеді. Бұл жолы тазалық науқанын Тарбағатай ауданы жалғастырып, оған 270-тен астам адам қатысты. Ал акция басталғалы бұл ауданнан тазалыққа 5 мыңға жуық адам қатысып, 400 тонна қоқыс шығарылған.

Еліміздің тұрғындары белсенді атсалысып жатқан «Таза бейсенбі» экологиялық акциясына Тарбағатай ауданының жастары, еріктілер, мемлекеттік қызметшілер және ауыл тұрғындары қатысты. Олар көшелердің бойын, арықтардың арнасы мен өзен жағалауын қоқыстан тазартты. Тазалық науқаны қарсаңында жастар қазан көтеріп, қатысушыларға палау және сусын таратты.

– Тазалық акциясы басталғалы бері аудан тұрғындары белсенді қатысып келеді. Экологиялық шара басталғалы аудан орталығын және ауылдық округтерді тазалауға 5 мың адам қатысып, 400 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар 5 мың көшет, 33 мың біржылдық, 6 мың көпжылдық гүлдер егілді. Акция аясында саябақтардың аумағы тегіс тазартылды. Шараға барлық мекемелер мен аудан тұрғындары жаппай қатысып, белсенділік танытуда. Бұл маңызды бастама осымен тоқтап қалмайды, ары қарай жалғастыратын боламыз, – дейді Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Талант Бақытбекұлы.

Жалпы Amanat партиясының ұйымдастыруымен қолға алынған тазалық науқаны еліміздің түкпір-түкпірінде жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл жолы да партия өкілдері Тарбағатай ауданы орталығында жұртпен бірге тазалық акциясына қатысып, экологиялық науқанға үлес қосты.

– Бүгін біз акция аясында өзен жағалаулары мен жол жиектерін, көшелерді қоқыстан тазарттық. Бұл шара әлі де жалғасатын болады. «Таза бейсенбі» акциясы айналаны таза ұстауға  ғана емес, жас ұрпақты қоршаған ортасын аялауға тәрбиелейтін маңызды шара деп санаймын. Осы науқан аясында ауылдар түгелге дерлік тазарып қалды. Енді осылай тазалық істеуді әдетке айналдыруымыз керек, – дейді Amanat партиясы Тарбағатай аудандық филиалының төрағасы Асқар Жұмашұлы.

«Таза бейсенбі» акциясына белсене қатысып келе жатқан аудан тұрғындары осы науқан басталғалы аудан орталығы мен ауылдардың маңы, көшелер, су жылғалары қоқыстан арылып, Жер ана бір сергіп қалғанын айтады.

–  Осы экологиялық акция басталғалы қатысып келемін. Өте пайдалы іс болды. Ауыл маңы, көшелер, су арналары тазарып қалды. Енді ауыл тұрғындары көрінген жерге қоқыс тастауды қойып, тазалық мәдениетін сақтаса екен деп ойлаймын. Ауылдың тазалығы ойын балалары үшін де, қыдырып келер қонақтар үшін де маңызды. Тазалық денсаулық кепілі екенін ұмытпайық, –  дейді ауыл тұрғыны Оразай Талантұлы.

Осылайша жаңадан ірге көтерген Тарбағатай ауданы тағы бір мәрте ауқымды тазалық науқанын өткізіп, ауыл маңын тазартты.

Глубокоелықтар қалыс қалмады

Облыс тұрғындары үнемі өз бастамаларымен тазалық акцияларын өткізіп, белсенділік танытып келеді. Кезекті тазалық акциясы Глубокое ауданында «Таза бұлақ – таза аумақ» ұранымен өтті. Акцияға қатысушылар Глубокое кентінің Киргородок шағын ауданындағы жағажай аумағын абаттандырды.

– Бүгін орындықтар, қоқыс жәшіктері, кәуап пісіру алаңдары, контейнерлік алаңдар, киім ауыстыратын кабиналар, дәретханалар орнатылды. Сондай-ақ суға жүзу сигналдары қойылды. Демалушылардың қауіпсіздігі үшін бейнебақылау камералары, ескерту жүйесі орнатылды, – деді экологиялық акцияға қатысушы Елизавета Қайырбекова.

Балаларға арналған ойын алаңқайлары және белсенді өмір салтын сүйетіндер үшін футбол, волейбол, теннис алаңдары салынды.

– Бүгін акция аясында біз өзендердің жағасы мен жол жиектерін қоқыстан тазарттық. Бұл іс-шара өз жалғасын табатын болады. «Таза Қазақстан» акциясы – қоршаған ортаның тазалығын сақтауға ықпал етіп қана қоймай, өскелең ұрпақты туған өлке табиғатын аялауға тәрбиелейтін маңызды іс-шара, – деді Глубокое ауылының тұрғыны Роза Советханқызы.

Айта кету керек, облыста «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жоғары тиімділігі үшін «Экосақшы» жобасы басталды. Бірінші эко-тур Самар ауданында өтті, онда Самар ауданының ауылдық округтерінен тағайындалған экопатрульдерді оқыту семинары ұйымдастырылды. Соңында ауданның экосақшылары және «Жасыл ел» еңбек жасақтарының мүшелері, волонтерлер Бұқтырма су қоймасының жағасында сенбілік өткізді.

Жыл басынан Шығыс Қазақстан облысында 204 саябақ пен сквер, 323 тарихи-мәдени ескерткіш, 859 әлеуметтік нысан ретке келтірілді, 6,8 мың су нысаны, 26 субұрқақ, 348 км арық тазартылды. Елді мекендерден 29 мың тонна қоқыс шығарылды.

Қазір өңірде 42 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеттерін жөндеу және муралдар салу жұмыстары жүруде. Іс-шаралар елді мекендерге бірыңғай сәулеттік келбет беруге бағытталған.

Ауылдар да атсалысып жатыр

Экологиялық акцияны «Таза ауыл» атты тақырыппен жалғастырып жатқан аудандар да бар. Бұған дейін Ұлан, Тарбағатай аудандары өткізген болса, енді Күршім ауданы жалғастырды. Күршім ауданының 150-ден астам тұрғыны аталған акция аясында өзен бойы мен су арналарын тазартып, жарты тонна қоқыс жинады.

Аудан тұрғындары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене қатысып келеді. Бұл жолы «Таза ауыл» атты акцияға да қолдау білдіріп, ауыл маңындағы су арналары мен жағалауларын тазартқан.

– Ауылдың, өзен жағалаулары мен көшелерін тазалауға 150-ден астам адам шықты. Аталған шараға мемлекеттік мекеме, кәсіпкерлік құрылымдардың өкілдері, жергілікті тұрғындар, «Жасыл ел» жасағының сарбаздары, Жастар ресурстық орталығының еріктілері, мемлекеттік қызметкерлер қатысты, – деп хабарлады Күршім ауданының әкімдігі.

Жалпы бұл акция табиғатқа құрметпен қарауды насихаттауға бағытталған. Тазалық акциясы барысында бір жүк тиегіш және қоқыс шығаратын арнайы көлік техникасы пайдаланылып қоқыс шығарылды. Ал тұрғындар болса ендігі кезекте әркім өз аумағын таза ұстап, өзен жағалауына қоқыс жәшігі орнатылса деген пікірлерін айтуда.

– Әркім өз аумағын таза ұстаса, еріктілер мен тұрғындар өзен арналары мен су жағалауларын, көшелерді тұрақты тазалап тұруға әдеттеніп қалғандай. Десе де жаз маусымында су жағалауларына киіз үй тігіп, шатырмен демалатын адамдар бар. Сондықтан да өзен жағалауларына қоқыс жәшіктері орнатылса дұрыс болар еді, – дейді Лазира Айдарханова есімді тұрғын.

Осылай биылғы көктемде басталған тазалық акциясы өңірлерде жалғасын тауып келеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу